Американың Ауғанстандағы 20-жылдық соғысы аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Американың Ауғанстандағы 20-жылдық соғысы аяқталды

31.08.2021

«Талибан» кешеден бері тағы бір жеңісті мерекелеп жатыр. Пентагонның соңғы жауынгері өткен түні еліне кетіп, Американың Ауғанстандағы 20-жылдық соғысы аяқталды. Кабулден жеткен соңғы жаңалықтарға Арыстан Рысбек толығырақ тоқталады.

Ауғанстан тәліптері 20-жылдық соғыстағы жеңісін мерекелеп жатыр. Елден кеткен америкалық ұшақтың бортына соңғы болып генерал-майор Крис Донаху отырды. Оның түндегі суретін Пентагон жариялады. АҚШ контингентінің арқырғы рейсі еліне бет алғанда, Кабул мен оның айналасында тәліптер аспанға оқ жаудырып, фейерверк атты.
«Талибан» жеңіске жеткенін Хамид Карзай атындағы әуежайдан жариялады. «Бұл тарихи күн, тарихи сәт. Елімізді ұлы державадан азат еттік», - дейді исламшыл қозғалыстың ресми өкілі Забибулла Муджахид. Сонымен қатар, ол тәліптерді халықпен дұрыс қарым-қатынас орнатуға шақырды. Өйткені, ел шыдамының да шегі бар.
Забибулла Муджахид, «Талибан» қозғалысының ресми өкілі:
Біз сіздердің құрбандықтарыңызды мадақтаймыз. Бұл жеңіс – сол құрбандықтың жемісі. Ақсақалдарымыздың шынайылығы, табандылығы, шыдамдылығының арқасында бостандыққа қол жеткіздік. Құттықтаймын. Енді ислам үкіметін құрамыз. Адамдармен қарым -қатынаста өте абай болыңыз. Ұлтымыз онсызда көп зардап шекті, репрессияға ұшырады, 20 жыл бойы проблема көрді. Енді халық теріс әрекеттерге шыдамас. Сондықтан, барлық әскерді жұртпен жақсы болуға шақырамын. Өйткені адамдар бейбітшілікке құқылы. Ал, біз ұлттың қызметшісіміз, оған үстемдік етпейміз.
Айта кетсек, Американың ең ұзақ соғысы Пентагонның 2500-ге жуық және 240 мыңдай ауғандықтың өмірін қиып, АҚШ-ты 2 триллион доллар шығынға батырды. «әл-Каида» АҚШ-қа шабуыл жасағаннан кейін Құрама Штаттар тәліптер билігін 2001 жылы тез құлатқанымен, арада 20 жыл өткенде, сол радикалдық топ басшылыққа қайта келіп, Ауғанстан жерінің бұрынғыдан да көп бөлігін бақылауға алып отыр. Президент Джо Байденнің жоспары бойынша, АҚШ әскері тамыздың 31-не дейін кетуі керек еді. Пентагондық жауынгерлердің соңғы легі Кабул уақытымен кеше түнгі сағат 12-ге бір минут қалғанда отанына аттанып кетті.
Сана Уллах, Кабул тұрғыны:
Американың кету мәселесіне келсек, біз өз жерімізде бөтен ел әскерінің жүргенін қаламадық. Ия, қауіпсіздік қамтамасыз етіліп жатыр. Оған қуаныштымыз. Алайда, нан мен суды да ойлауымыз керек.
Қазір Ауғанстанда дәрі-дәрмек таусылуға жақын. Ал, қуаңшылық өзге әлеммен қайта байланыс орнатуға мүдделі елді импортқа тіпті тәуелді етіп, миллиондаған адамды аштық қаупіне душар етіп отыр. Айта кету керек, соңғы екі аптада АҚШ Ауғанстаннан 120 мыңдай адамды эвакуациялады. Олардың ішінде тәліптер билігінен қашқан сан мың ауғандық, пентагондық жауынгерлер мен офицерлер, дипломаттар бар. Мемлекеттік департаменттің мәліметінше, тағы 200-ге жетпес америкалықты көшіру кейінге қалдырылған.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу