Қазақстанда 58 қару-жарақ сақтайтын қойма бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда 58 қару-жарақ сақтайтын қойма бар

29.08.2021

Жойқын жарылыстың неден болуына байланысты әзірге жорамал көп. Бірақ, сондай оқыс оқиғалардан сақтану және алдын алу бойынша нақты ұсыныстар бар. Соның бірі күш құрылымдарына қоғамның бақылауы күшейтілуі керек.

Елдегі оқ-дәрі де, оны сақтайтын қоймалар да негізінен ескі. ТМД аумағында кеңестік дәуірдің сарқыншағы Ресейден кейін бізде көп.

Мысалы, Таразда жойқын жарылысқа соқтырған әскери бөлім мен инженерлік оқ-дәрілер орны 1972 жылдан бері бар. Ал, республика аумағында 58 қару-жарақ сақтайтын нысан болса, соның 18-і елді мекендерге жақын орналасқан.

Президент Арыстағы апаттан соң қару-жарақ мен оқ-дәріні, жарылғыш заттарды қауіпсіз сақтайтын заманауи қоймалар салуды тапсырды. Бірақ, осыған дейін дайындық жұмыстары ғана пысықталған.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі: 
Бұл бағытта тексеріс үздіксіз жүргізілді. 2019 жылғы жағдайдан кейін біз оқ-дәрілерді сақтаудың инфрақұрылымы бойынша кешенді жоспар жасадық. Қандай қару жарақ ескірген, қайсысының мерзімі өткен, жою немесе сату мәселелері түгел пысықталды. Бірақ, бұл ұзақ уақыт алады. Оқ-дәрілер қорабын сұрыптау, ұнтағын алу, зертханаларда зерттеу дегендей. Бұл шаруаға аз дегенде 5 жыл кетеді. Сондай-ақ 2 қауіпсіз қойма салу үшін дайындық жұмысын істедік. Екі облыста, елдімекендерден қашық жерде жер телімдері берілді, қаржыландырылуы шешілді.

Бұл апатты алдын алудың бір жолы. Бұған қоса құтқару қызметінің жабдықталуын да қайта қарау керек. Мәселен өрт сөндірушілерде заманауи құрылғылар жетіспейді,-дейді сарапшылар. Осындайда қызыл жалынды ауыздықтауға адам емес, робот техниканың барғаны дұрыс. Әлемде оның сан түрі бар. Бұған қомақты қаражат бөлінуі керек. Сосын атқарылған жұмыстардың сапасын сүзгіден өткізбей тағы болмайды. Сондықтан техникалық білімі бар, тәжірибесі мол, онымен қоса өртке және диверсияға қарсы машықтанған мамандар қажет.

Амангелді Құрметұлы, журналист, сарапшы: 
Қорғаныс министрлігі иә құпия сақтауы керек. Бірақ, белгілі мөлшерде қоғамға ашық болғаны дұрыс. Не істеп жатқанын айтсын. Ұлттық кеңес құрылды ғой сенім шаралары жөнінде. Сол сияқты Президент жанынан арнаулы кеңес құрылу керек шығар. Мүшелері ротациямен ауысып отырады. Және аяқасты қоймаларды тексеріп тұратындай. Оның құрамында экс-төтенше жағдай офицерлері, экс-әскерилер, журналистер, ғалымдар, инженерлер жедел топ тексеріп тұрмаса мұндай қайталана беруі де мүмкін.

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жағдай соңғы 20 жылдағы 8-ші жойқын жарылыс. Бұған дейін де оқ-дәрі қоймаларында осындай оқыс оқиғалар тіркеліп, адамдар қаза тапқан. Қорғаныс министрі осы жолғы жарылыстан соң ақпарат құралдарына берген сұхбаты кезінде алдымен апаттың салдарын жою жұмыстарын аяқтап, содан кейін отставкаға кетуге өтініш беруге дайын екенін айтты.

Нысаналы Ығыл 


Хабарламаларға жазылу