Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды

06.08.2019

Батыс Қазақстанда күшті желдің салдарынан төтенше жағдай жарияланды. Ғимараттардың шатыры ұшып, ағаштар құлап, тұрғындар жарық және сусыз қалды. Бәйтерек ауданында газ желісі істен шықты. Желдің екпіні кей жерде секундына 25-28 метрге дейін жеткен. Дауылдан құлаған ағаштар үй мен көлікті басып қалды. Алты адам аурухана жүгінді. Зардап шеккендердің ішінде басына шифер сынығы құлаған 8 жастағы қыз бала бар. Қазір ем алып жатыр. Қаламен бірге Ақжайық, Тасқала, Бәйтерек, Қазталов, Жәнібек аудандарында мектептер, почта мен халыққа қызмет ету орталығы ғимараттарының шатырлары ұшқан. Шаһар бойынша 105 жерде электр желісі үзілген. Қала мен іргесіндегі 4 мың абонент жарықсыз отыр. Шығын әлі есептелген жоқ.

 

Валерий Диминтевский, «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ қалалық электр желілері басшысы:

Бүгін бәрін жөндеп, жарықты қосып үлгермейміз. Апатты жою, жөндеу ертең, арғы күні де жалғасады. Әлі де үзіліп жатыр. Қала бойынша тек 22 монтр бар. Физикалық тұрғыдан үлгермейміз.

 

Ақылбек Ахметжанов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

Қауіпті метеорологиялық жағдайлар бойынша төтенше жағдайлар тіркелді. Сол төтенше жағдайлар бойынша заңнамаларға сәйкес шығын келтірілген мекемелер мен адамдарға шығыны өтелетін болады.

 

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу