Мемлекет басшысы Роберт Флойдты қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Роберт Флойдты қабылдады

27.08.2021

Президент Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының басшысы Роберт Флойдты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттың Қазақстанға сапары Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. Осыдан 30 жыл бұрын Семей полигоны жабылды. Осы ретте әлемдік қауымдастыққа ядролық қаруды таратпау және қарусыздану туралы кең ауқымды түсіндіру жұмыстары маңызды. Роберт Флойд Семей полигонының аумағы мен Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталығынан алған әсерімен бөлісті. Кездесу соңында тараптар Қазақстанның ядролық қаруға қарсы бастамаларын ілгерілету мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіз осы саладағы тәжірибелі, ядролық қарусыздану мәселелері бойынша танымал сарапшысыз. Біз сіздермен тығыз жұмыс істеуге бейілдіміз. Қазақстан бұл ұйымның жақын әрі сенімді серіктесі болып қала береді. Менің Әкімшілігім мен Үкімет Ұйымның жұмысын күшейту мақсатымен тығыз әрі тұрақты байланысып тұрады.


Хабарламаларға жазылу