Ауғанстанда 18 млн-нан астам адамға көмек қажет -БҰҰ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауғанстанда 18 млн-нан астам адамға көмек қажет -БҰҰ

26.08.2021

Тәліптер өзінің бірнеше соғыс ардагеріне министрліктерді басқаруды тапсырды. Ал, батыс елдері Кабул әуежайына шабуыл жасалуы мүмкін екенін ескертті. Түркия болса, осы авиациялық терминалға техникалық қолдау көрсете беруі мүмкін. Сонымен қатар, елде тамыздың ортасында жұмысы тоқтаған банктер қайта ашыла бастады. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.

"Талибан" Ауғанстандағы бірнеше маңызды министрлік басшысы ретінде өзінің соғыс ардагерлерін тағайындады. "әл-Жазира" телеарнасының хабарлауынша, бір кездері Гуантанамо түрмесінде отырған Мулла Абдул Қайюм қорғаныс министрі, Гүл Агха қаржы, ал Садр Ибрахим есімді тағы бір тұлға ішкі істер министрі лауазымын атқармақ. Әзірге, радикалдық қозғалыс бұл жайында ресми жариялаған жоқ.

Кабулды басып алғалы әлемге жағымды көрінуге бекінген "Талибан" үкімет жасақтау үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Оған Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзай тәрізді тәліптердің бұрынғы жаулары да тартылды. Дегенмен, мыңдаған ауғандық радикалдық топ бақылауындағы елдің болағашына сенбей, шетел асуға дайын. Алайда, оларға Кабулдың халықаралық әуежайына бармау туралы ескерту жасалды. Себебі, онда "Даиш" қарулы тобы теракт жоспарлап отыр деген ақпарат бар. Бұл туралы АҚШ, Ұлыбритания және Австралия мәлімдеме жасады.

 Джеймс Хиппи, Ұлыбритания қорғаныс министрінің орынбасары: 
Қауіптің егжей-тегжейін ашып айта алмаймын. Кабулде жойқын шабуыл жоспарланып жатқаны туралы сенімді ақпарат бар. Сол себепті біз адамдарға әуежайға бармауға, одан қауіпсіз жерге кетіп, әрі қарайғы кеңестерді күтуге кеңес береміз.

Шетел әскері кеткеннен кейін де Түркия Кабул әуежайын басқаруды жалғастыруы мүмкін. "Талибан" түрік үкіметінен авиациялық терминалға техникалық қолдау көрсетуді сұраған. Қазір бұл мәселе талқыланып жатыр. Айта кетсек, осыған дейін Түркия АҚШ қаржылай қолдау берсе, Кабул әуежайын күзетуге әзір екенін мәлімдеген еді.

Ибрахим Калын, Түркия Президентінің баспасөз хатшысы:
Жауынгерлеріміз Ауғанстаннан кеткеннен біз әуежайды басқаруды жалғастыра аламыз. Бұл жөнінде келісім жасалса, кәсіби түрде қызмет көрсетіледі. Кабул әуежайына Ауғанстанның әлемге ашылған есігі ретінде қарасақ, бұл миссияның маңызды екені айтпаса да түсінікті.

Сонымен қатар, Ауғанстанда бүгіннен бастап банктердің кейбіреуі ашылды. Қаржы институттары тамыздың 15-нен бері жабық тұрған еді. Дегенмен, олар клиенттеріне қолма-қол ақшаны шектеп беріп жатыр. Бір күнде әр тұрғын тек 17 мың афгани немесе 200 доллар көлемінде ақша алуға құқылы.

Забихулла Муджахид, «Талибан» қозғалысының ресми өкілі:
Орталық банк - барлық банк және коммерциялық қызметпен байланысты маңызды экономикалық институт. Оның қайта жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Барлық банктер бүгін-ертең қызметін қайта бастайды.

"Рейтерден" бүгін түскен мәліметке сай, Ауғанстанда жақында болған қарулы қақтығыстан гуманитарлық ахуал ушыққан. Үйлерін тастап, Кабулге кашқан тұрғындар далада түнеуге мәжбүр.

Захида Биби, Ауғанстан тұрғыны:
 Жағдайымыз нашар. Басым ауырып тұр. Қарным аш. Таңертеңнен бері нәр татпай, тек бір шыны шай іштім.

БҰҰ-ның дерегінше, қазір Ауғанстанда 18 миллионнан астам адамға көмек қажет. Ал, елде 5 жасқа дейінгі балалардың жартысы аш жүр. Жағдайды 4 жыл бойғы қуаңшылық ушықтыра түскен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болса, Кабул әуежайындағы шектеулерден бұл елге дәрі-дәрмек жеткізе алмай отырғанын мәлімдеді. Соның салдарынан коронавирус инфекциясы өршуі мүмкін деген қауіп бар. 

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу