Елбасы Бауыржан Байбекті қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Бауыржан Байбекті қабылдады

26.08.2021

Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады. Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуы мен әкімдерді сайлау қортындысы талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев қарашада партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы болатынын хабарлап, сол жиында белсенді жұмыс атқарған партия мүшелеріне баса назар аударуды ұсынды. Халықпен қарым-қатынасты одан әрі арттырып, сайлауалды бағдарламаның уақтылы орындалуын қадағалауды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы: 
Биыл партия үшін өте үлкен науқанды жыл болды. Қазір енді елдің ойларын тыңдап, соларды жеткізіп, атқарушы органдардың орындауын бақылау партияның беделін ары қарай көтере береді. Соған жұмыс істейік.
Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары: 
Қазір 103 мыңнан астам халық партияға сұрақтармен жүгініп келді. Біздің депутаттарымыз, партия мүшелері 20 мыңнан астам қабылдаулар өткізді. Өңірде қазірдің өзінде 4 жарым мыңнан астам халықты толғандыратын сұрақтарды бақылауда ұстап отырмыз.

Сондай-ақ, Елбасы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиевті қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаевқа компанияның өндірістік және қаржылық есебі баяндалды. Алмасадам Сатқалиевтің мәліметінше, соңғы 7 айда уран, электроэнергия өндіру және жүк тасымалы көрсеткіштері артқан. Кездесу соңында Елбасы нақты тапсырмалар берді.

Ақниет Балтанова

Хабарламаларға жазылу