СҚО-да көне көліктерді жинаған коллекционер тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да көне көліктерді жинаған коллекционер тұрады

25.08.2021

Солтүстік Қазақстан облысындағы Келлеровка ауылының тұрғыны Анатолий Габченко өмір бойы көне көліктердің коллекциясын жинап келеді. Ауласын музейге айналдырған зейнеткердің иелігінде өткен ғасырға тиесілі бірегей көліктерді айтпағанда, тіпті әскери техникаға дейін бар. Ашық аспан астындағы «көрмеге» әріптесім Эльмира Кәленова куә болды.

«ГАЗ-67» маркалы мына көлік – коллекционер үшін ең қымбат дүние. Өткен ғасырдың 40 жылдары шығарылған әскери техниканың әр бөлшегін құрастырып, қолдан жинаған.

Анатолий Габченко, коллекционер: 
Ең бастысы ГАЗ-67-нің сырт келбеті сақталып қалды. Бұл менің ең жақсы көретін көлігім. Кузовын Ақмола облысындағы Степняк қаласынан сатып әкелдім. Біраз детальдарын ауыстыруға тура келді. Бұл өте ескі көлік болғандықтан, оның қосалқы бөлшектерін таппайсың. Орындықтарына дейін жаңаладым. Мынадай шағын радиостанция да бар.

Коллекционер ескі автобустардың ішін де мынадай шағын музейге айналдырған. Онда сағат, үтік, музыкалық аспаптар, ыдыс аяқ, фотоаппарат сынды бұйымдарды көруге болады. Мәселен мына патифонға 90 жыл.

Эльмира Кәленова, тілші: 
Анатолий Николаевичтің коллекциясындағы ең көне зат – мына жез самауыр. 1832 жылы шығарылыпты. Әкесінен мұраға қалған. Салмағы әжептәуір. Шамамен 4 келі болып қалады.

Анатолий Николаевичтің негізгі мамандығы мал дәрігері. Қазір жасы 75-те. Еңбекқор азамат техника атаулының тілін біледі. Жеке коллекциясындағы әр бұйым туралы тәптіштеп айтуға бар. Ауладағы әдемі композициялардың да дизайнын өзі жасайды.

Екатерина Габченко: 
Тағдыр мені осындай адаммен табыстырды. Оның қолына түскен ескі заттар керемет бұйымға айналады. Бір тыным таппайды. Мәселен мына субұрқақты да өзі жасап шығарды.

Зейнеткерге көне заттарды жинауға таныстарының барлығы көмектеседі. Коллекционер өзі тұратын ауылға туристерді тару үшін арнайы музей ашуды армандайды.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу