Шығыс Қазақстан облысындағы ең дәмді қызым дайындайтын Саржал ауылы. Онда бие байламайтын үй жоқ. Жергілікті жұрт ұлттық сусын баптаудың жүздеген әдісін меңгеріп алған. Қымыз жасауды табыс көзіне айналдырған ауылға тілшіміз Ержан Жақып арнайы барды.
Қарлыға Тауырбаева Саржалға келін болып түскелі 20 жыл. Сол уақыттан бері қымыз дайындауды жетік меңгеріп алған. Қазір қосымша кәсібі осы. Таңның атысы, күннің батысы бүкіл отбасымен бие сауып, қымыз баптайды.
Қарлыға Тауырбаева, Саржал ауылының тұрғыны:Саржалдың өзінде қазір мыңға тарта үй болса, сол мыңға тарта әртүрлі қымыздың дәмі бар. Індетке байланысты қазір сұраныс жақсы болып тұр. Астана, Алматы болсын.
Індет етек алғалы ұлттық сусынды ем үшін алатындардың саны еселеп артқан. Сондықтан саржалдықтар қымыз өндірісін соңғы жылдары жандандыра түсті. Дәрігерлер бие сүтін үнемі тұтынатын ауылдастарының арасында жұқпалы дертке шалдыққандардың да өте аз болғандығын айтады.
Салтанат Әбішева, фельдшер:Қымыз, саумалдың арқасында осы ауыруға келсек, көзіміз жетіп отыр қымыз өте пайдалы екеніне. Көп жерлерде ауруларды естіп жатырмыз ғой. Оның қасында Саржалда, өзімізде аз болды.
Ерболат Әкімбаев, Саржал ауылының әкімі:Екінің бірі бие сауады. Әр үйде 4-5, әрі кетсе 10-ға жуық бие сауып отыр. Күніне 4 тоннаға жуық қаламызға қымыз жіберіледі. Ол жаңғыз Семей қаласы емес.
Қазіргі есеп бойынша саржалдықтардың жылқысы 14 мыңға жуықтаған. Шаруа қожалықтарында өндіріп жатқан қымызды есептемегенде, тек 1,5 мың биені ауыл тұрғындары күнделікті сауып Семейге жөнелтіп отыр.
Ержан Жақып