«Жаңа Алматы» жобасы мегаполиске оң өзгерістер енгізбек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жаңа Алматы» жобасы мегаполиске оң өзгерістер енгізбек

23.08.2021

Алматыда қарқынды іске асып жатқан «Жаңа Алматы» бағдарламасы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне мүмкіндік жасамақ. Бұл бағытта шаһар әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бірнеше өзен арнасы жаңартылып, заманауи саябақтар пайдалануға берілді. Екі жыл бұрын қабылданған «Жасыл Алматы» бағдарламасы қаланы жасыл желекке орап, демалыс пен серуенге қолайлы орындарды көбейтуді көздейді. Мәселен кіші Алматы өзені бойындағы жаяу жүргіншілер жолы толық жөндеуден өтті. Аумаққа бес мыңға жуық ағаш отырғызылып, су арнасын нығайту жұмыстары аяқталды.

 Жоспар бойынша Тұңғыш Президент саябағы мен Сайран көлінің арасын жалғайтын жасыл желекті аллея жасау көзделген. Мамандардың пікірінше, бұл жермен бір уақытта 15 мыңдай адам серуендей алады. Сонымен қатар қала бойынша үш өзенге абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Мұнда да жаяу жүргіншілер жолы төселіп, ағаштар егілмек.

Мамандардың пікірінше әр жоба тұрғындардың қалауы ескеріле отырып әзірленген. Жалпы шаһар бойынша 20 гүлзар мен 2 саябақ жөнделмек. 7 жаяу жүргіншілер жолы жаңартылып, 5 өзен жағалауы абаттандырылмақ. Ел игілігіне берілетін нысандардың жалпы аумағы 284 гектарды құрап отыр.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу