Ұлыбританияда коронавирус бір тәулікте 32 мыңнан астам адамнан табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда коронавирус бір тәулікте 32 мыңнан астам адамнан табылды

23.08.2021

Соңғы бір тәулікте Ұлыбританияда коронавирус 32 мыңнан астам адамнан анықталды. Пандемия басталғалы бері 6 жарым миллион британдық инфекция жұқтырған. Ал, дельта штамымен күрес аясында елде вакцина салу науқаны күшейе түсті. Ресми мәліметтерге сай, бұл корольдікте 41 миллион 700 мыңға жуық адам ковидке қарсы толық иммундалған.

Вьетнамның Хошимин қаласында қатаң локдаун шараларының сақталуын қадағалау үшін әскер кіргізілді. Вирустан жан тәсілім еткендердің көбі осында тіркелген.
Ал, бүгіннен бастап күшейтілген карантинге сәйкес, тұрғындарға көшеге шығуға мүлдем тыйым салынды. Оларға азық-түлік тәрізді қажетті заттарды алуға әскерилер көмектеспек. Вьетнамда вакциналау науқаны баяу жүріп жатыр. Мұндағы 98 миллион халықтың небәрі 1,8 пайызына ғана екпе салған.

Ал, Қытайда 2 миллиардқа жуық доза вакцина егілді. Олардың көбі ересекстерге салынған. Және де елдің көптеген провинцияларында 12 мен 17 арасындағы жасөспірімдер де коронавирусқа қарсы иммундалып жатыр.

Жапонияда инфекцияның бесінші толқыны өрши бастады. Соған қарамастан елге шетелден Паралимпиада спортшылары көптеп барып жатыр. Бұл ойындар ертең ашылып, қыркүйектің 5-не дейін жалғасады. Жапон үкіметі ковидтің тарауын шектеу үшін пандемиялық төтенше жағдай режимін қыркүйектің 12-не дейін созды.

Хабарламаларға жазылу