Мемлекет басшысы Алматы облысындағы өндіріс орындарының жұмысымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Алматы облысындағы өндіріс орындарының жұмысымен танысты

23.08.2021

Мемлекет басшысы Алматы облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Жетісу аймағы жері шұрайлы, кәсіпке қолайлы мекен. Өңір ауыл шаруашылығы бойынша көшбасшы облыстардың бірі. Сонымен қатар өндіріс қарқыны да жаман емес. Өңірге 312 млрд теңге инвестиция тартылып, 40 мың жаңа жұмыс орны ашылған.

Президент әуелі Маревен Фуд кәсіпорнына барды. Бұл компания негізінен кеспе, макарон және сусындар өндіреді. Жобаға 30 млрд теңге инвестиция құйылған. 670 адамды жұмыспен қамтып отыр. Дені жергілікті тұрғындар.
Бернард Вавржин, компания директоры: 
Алғашында көп нәрсені импорттауға тура келді. Негізінен Ресей мен Украинадан әкелдік. Қазіргі таңда жергілікті өнімнің үлесі 95 пайызға жетті. Әрине, бұл бағыттағы жұмысымызды жалғастыра береміз. 
Сондай-ақ Президент Лукойл компаниясының жұмысымен танысты. Бұл Орталық Азиядағы май шығаратын ең ірі кәсіпорынның бірі. Зауыт құрылысына 36 млрд теңге қаржы құйылған. 225 адам жұмыс істеп жатыр.

Дольче Фарм компаниясы медициналық тауарлар шығаратын еліміздегі ең ірі компаниялардың бірі. Зауыт өнімдерінің сапасы көпшілікке белгілі, кез-келген әлемдік брендпен бәсекеге түсуге қауқарлы.

Шерхан Жамбылұлы, тілші: 
Бұл зауыттың жұмысы пандемия басталғалы қыза түскен. Сұранысқа сәйкес өндіріс көлемі 2-3 есеге артты. Қазіргі таңда Алматы облысы мен қаласын толықтай қамтамасыз етіп отыр десек болады. Сонымен қатар еліміздің өзге де аймақтарына өз өнімдерін тасымалдап жатыр. Жалпы мұнда 200 ден астам тауар түрін шығарады. Мәселен мына менің үстімдегі қорғаныш құралдарының барлығы да осы зауыттың өнімі. 
Елена Ли,  директорлар кеңесінің төрағасы: 
Пандемия басталғанда мен жұмысшыларға «біз Титаниктегі музыканттар секілді, соңына дейін тұруымыз керек» деп жігер бердім. Вирус жұқтырудың қаупі болды, жұмысшылардың барлығы кезек-кезек ауырып шықты. Алайда, цех тоқтаған жоқ. Себебі біздің өнім дәрігерлердің ең бірінші қалқаны. Бұндай уақытта медицина қызметкерлерін қорғанышсыз қалдыруға болмайтынын түсіндік.
Президент аймақтағы денсаулық сақтау саласының қазіргі жағдайымен де танысты. Коронавирусқа қарсы шаралар аясында өңірде 200 орынға шақталған жұқпалы аурулар ауруханасы жедел бой көтеріп, 180 жедел жәрдем көлігі мен 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынған. 510 мың адам екпенің екі компонентін салдырған. Бұл тұрғындардың 60 пайызы. Қасым-Жомарт Тоқаев эпиджағдайды үнемі бақылауда ұстап, вакцина салу жұмысын жеделдетуді тапсырды. Алматы облысы бизнеске қолайлы аймақ. Өнімді тұтынатын ірі нарық, алып шахар Алматы іргеде тұр. Инвесторлар да Жетісу жеріне жиі көз тігеді. Биылдың өзінде құны 112 млрд теңге болатын 65 жоба жүзеге асып жатыр. Облыс әкімі өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарды тізіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
Сіздің Германияға жасаған сапарыңыздың нәтижесінде «Бауманн» компаниясы ұсақ мал етін өңдейтін, қуаты 30 мың тонналық «Жетісу қой» жобасын қолға алды. Біз барлық ұйымдастыру мәселелерін шештік, инженерлік инфрақұрылымдардың құрылысына қаржы бөлініп, жер учаскесі берілді. Жасалған меморандумдардың аясында жылына 120 мың тонна құс етін өндіретін ірі «Aitas.kz» құс фабрикасы салына бастады.
Мемлекет басшысы облыста атқарылып жатқан инвестициялық жобаларға оң бағасын берді. Енді басталған жұмыстарды уақытылы аяқтау жөнінде тапсырма берді.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу