АҚШ Ауғанстанға тиесілі 9,5 млрд долларды бұғаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ Ауғанстанға тиесілі 9,5 млрд долларды бұғаттады

19.08.2021

Елінен қашып, Біріккен Араб Әмірліктерінен пана тапқан Ауғанстан президенті Ашраф Ғани Фейсбук арқылы алғаш рет бейнеүндеу жасады. Саясаткер қантөгіске жол бермеу үшін Кабулден кеткенін, Ауғанстанда қалса, өзінің дарға асылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Ғани "Кабулден қашқанда өзімен бірге қомақты ақша алып кетті" деген ақпараттың жалған екенін айтты.
Ашраф Ғани, Ауғанстан Президенті:
Батыстағы әріптестерімнің барлығы мен елден кетпесем, жағдайдың ушығып кететінін айтты. Елде қалып, соғыс бастауыма болатын еді... Бірақ халық алдында жауапкершілігім бар екенін ұмытқан жоқпын. Сирия мен Йемендегі сияқты қантөгіске жол бергім келмеді.
Ауғанстаннан түскен соңғы мәліметке сай, бүгін Кабулде тәуелсіздік мерекесін тойлау кезінде атыс жаңғырығы естілген. Қала көшелерінде қолдарына қару ұстаған адамдар жүр. Сонымен бірге, Асадабад қаласында қолдарына ту ұстап, мейрамды тойлап жүрген шерушілерге оқ атылды. Осыдан басталған дүрбелең кезінде 7 адам қаза тапқан. Марқұмдарға оқ тиді ме, әлде аяқ астында тапталып қаза тапты ма - ол жағы белгісіз. Жараланғандар да бар. Ал, кеше Жалалабадта өткен шеруде радикалдық топтың қолынан 3 адам ажал құшты, 13-і жараланған. Сонымен бірге, елден кетуді армандаған нөпір халық Кабул әуежайы маңына әлі де жиналып жатыр. Сол маңда да атыстың жаңғырығы естілді. "Талибан" өкілдері бұл ақпаратқа қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Тағы бір дерекке жүгінсек, АҚШ Ауғанстанның орталық банкіне тиесілі 9,5 миллиард долларды бұғаттады. Америкалық банктерде жатқан бұл активтерге тәліптердің қолы жетпейді. Мұның ауыртпалығын Ауғанстан халқы көріп отыр. Тұрғындардың сөзінше, тәліптер елді басып алғаннан кейін тұрмыстық тауарлар қымбаттап, кәсіпті жүргізу қиындап кеткен. 

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу