Әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны артты

18.08.2021

Әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 207 миллион 800 мыңға жақындап қалды.

Және де қауіпті індеттен жер-жаһанда 4 миллион 370 мыңнан астам адам қаза тапқан. Бұл - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа мәліметі. Ковид жұқтыру және онымен байланысты өлім-жітім көрсеткіші бойынша АҚШ бірінші орында тұр. Сейсенбіде шыққан дерекке жүгінсек, Құрама Штаттарда соңғы бір тәулікте 131 мыңдай адам осы індетке шалдығып, 998 тұрғын жан тәсілім еткен.

Ал, Жапония астанасы Токио мен елдің 7 префектурасында төтенше жағдай мерзімі қыркүйектің 12-не дейін ұзартылды. Бұған дельта штамының өршіп, медицина жүйесіне түскен салмақтың артуы себепші.

Соңғы тәулікте Токиода коронавирус жұқтырғандардың саны 4 мыңнан асқан. Төтенше жағдай режимі жапон халқының 60 пайызын қамтып отыр. Эпидемиялық ахуал қиындай берсе, карантин тағы 10 префектурада жариялануы мүмкін.

Тағы айта кететін жайт, жапон үкіметі пандемия кезінде бизнеске демеу ретінде 2 млрд 700 млн доллар бөлмек.

Жаңа Зеландияда соңғы алты айда алғаш коронавирус жұқтыру оқиғасы тіркелді. Індет 7 тұрғыннан анықталып отыр. Үкіметтің болжамынша, алдағы күндері ковид жұқтырғандардың саны күрт артуы мүмкін. Осыған орай үш күн қатарынан елдің барлық аумағында локдаун жарияланып отыр.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу