Гаитиде зілзала құрбандарының саны 1300-ге жуықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гаитиде зілзала құрбандарының саны 1300-ге жуықтады

16.08.2021

Гаитиде алапат жер сілкінісі құрбандарының саны 1297-ге жетті. Рейтердің мәліметінше, табиғи апаттан 5 мың 700 адам жараланып, 3 мыңнан астамы ауруханаға түскен. АҚШ-тың геологиялық қызметінің болжамынша, қайтыс болғандар мен жараланғандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Әзірге, шалғайдағы аймақтармен байланысу қиынға соғып отыр.

Қуаты 7,2 балдық зілзаладан 14 мыңға жуық үй құлап, қонақүйлер, мектептер, шіркеулерге зақым келді. Апаттан, әсіресе, Ле-Ке қаласы орасан зардап шеккен.

Зілзала ошағы 10 шақырым тереңдікте, ел астанасы Порт-о-Пренстен 125 шақырымда анықталды. Дүмпулер көршілес елдерде де сезілген. Тағы бір айта кететін жайт, ауа-райын бақылаушылар Гаитиге бүгін Грейс дауылы соққы беруі мүмкін екенін болжап отыр. Күшті жел мен нөсер жаңбыр жер сілкінісінен іздеу-құтқару операциясын қиындатуы мүмкін. 

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу