Отандық археологтар орта ғасырлардағы өндіріс ошағының орнын тапты. Мұнда кірпіштердің түр-түрі жасалған. Өндіріс Ақмола облысындағы Бытығай кесенесі маңында орналасқан. Қазба жұмыстары кезінде қыш құмырадағы белгісіз сұйықтық та табылды. Мұндай жәдігер қазақ даласында бұрын-соңды табылған емес. Археологтар сұйықтық жер астында шамамен 7 ғасыр сақталған деп отыр.
Шағын өндіріс ошағының орны Қорғалжын ауылынан екі жарым шақырымдай аумақтан табылды. Археологтар мұнда кірпіштің бірнеше түрі шығарылған деп отыр. Барлығы белгілі бір өлшеммен жасалған. Бұл сол кездің өзінде стандарт болғанын білдіреді, - дейді мамандар. Нысанға кіретін баспалдақтар, пештер, бояу жасайтын науа мен диірмен тастар да бар.
Қажымұрат Төлегенұлы, «Бозоқ» музей-қорығының бас инспекторы:Ганш деген тастар болады. Немесе кварц тастар. Соларды осы диірмен тастың үстінде үгітетін болған. Ою-өрнектерге қарағанда бұл Алтын Орда кезеңі, Қазақ хандығы кезеңіне сәйкес келіп отыр.
Археологтар үгітілген тасты балқытып, майлап, глазурь жасаған деп болжап отыр. Онымен кірпіштің бетін бояған. Қазба жұмыстары кезінде қалдықтардың маңынан адам сүйегі де табылды.
Дарын Сағитов, тілші:Адам сүйегі өндіріс ошағының сыртында жерленген. Яғни, қабырғаның сыртында жатыр. Мамандар шамамен 400-500 жыл бұрын жерленген деп болжам жасап отыр. Енді отандық ғалымдар шетелдік мамандармен бірге сүйектің жасын, жынысын нақты анықтайтын болады.
Дала жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігердің бірі – қыш құмырада сақталған сұйықтық. Ыдыстың беті кірпішпен жабылған. Қою қара сұйықтық буланбаған, ешқашан қатпаған. Мамандар ол жер астында шамамен 700 жыл сақталған деп отыр.
Серғазы Сәкенов, «Бозоқ» музей-қорығының аға ғылыми қызметкері:Қазақстанда бірінші рет табылып отырған дүние. Жаратылыстаны ғылымдарының әдістерімен химиялық анализ жасаймыз. Ол не үшін қолданылды? Ритуалдық жағдайда қолданылды ма, өндірісте қолданылды ма? Соның бәрін егжей-тегжей зерттеп жақсы жаңалық айтамыз.
Осы маңда өндіріс ошақтары көп болуы мүмкін. Археологтар бұл орта ғасырларда Сарыарқа даласында дамыған шаһар болғандығының айғағы деп отыр. Оның үстіне аймақта Түркістан, Бұқара, Самарқандқа апаратын керуен жолы болған деседі. Сондықтан, дала жұмыстары жалғасып, өңір тереңінен зерттелетін болады.
Дарын Сағитов