Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары бас қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары бас қосты

06.08.2021

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанда Орталық Азия елдері басшыларының кеңесіне қатысты. Тарихы мен мәдениеті, дәстүрі мен дүниетамы ортақ елдердің талқыға салып, кеңесетін мәселесі аз емес. Сан түрлі салада тоғысып жатқан мүдделеріміз бен ортақ жобалар саны өте көп. Бес мемлекеттің президенттері 2018 жылдан бері жыл сайын кездесуді игі дәстүрге айналдырған.

 Шерхан Жамбылұлы тілші:
Қарт каспийдің, түрікмендерше айтсақ Хазар теңізінің жағасындағы Аваза ұлттық туристік аймағы осыдан 14 жыл бұрын тек қағаз жүзінде болған. Ал қазір бұл жер зәулім ғимараттары бой түзеген заманауи саяхат орталығына айналып отыр. Орталық Азия елдерінің президенттері көк телегей теңіздің жағасында орналасқан шағын қалада тұтас өңір үшін маңызды үлкен мәселелерді талқыға салды.

Бұл жиын әуелде 2020 жылы Бішкек қаласында өтуі керек болған. Алайда пандемия салдарынан кейінге қалды. Түрікменстан Президенті кеңесті өз жерінде өткізуді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев кең форматты кездесу алдында әуелі Гурбангулы Бердімұхамдовпен екі жақты кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасыныңі Президенті:
Түрікменстан – Қазақстанның стратегиялық әріптесі. Ұзақмерзімді әрі стратегиялық сипаттағы ортақ жобаларымыз көп. Бұдан кейінгі келіссөздер барысында да екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға міндетті түрде баса мән береміз. Үкіметке тиісті тапсырма бердім. Түрікменстанға ресми сапарым бойынша жұмыс істеп жатыр. Жалпы, қол қойылатын негізгі құжаттар топтамасы әзір. 

Орталық Азия жахандық геосаяси картада қашан да маңызды орын алған. Батыс пен шығыстың арасын байланыстырып отырған аймақта бүгінде 75 миллион халық тұрады. Бестік елдері өзара байланысты бекітуге әрдайым мүдделі. 2018-жылдан бері аймақ елдерінің арасындағы сауда-саттық көлемі 12 пайызға артқан. Қазақ елінің өзі соңғы 5 жылда көршілерімен сауда-саттықты 1,5 есеге көбейтіп отыр. Ал ағайын елдер арасындағы алыс-беріс көлемі 6,5 млрд долларды құрап отыр. Дегенмен әлеуетті арттыруға әлі де мүмкіндіктер жетерлік.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасыныңі Президенті:
Қазақстан Орталық Азия елдеріне экспорт көлемін 1 миллиард долларға дейін арттыра алады. Басқа елдердің де осындай мүмкіндігі бар екеніне сенімдімін. Біз Орталық Азияның көлік дәліздеріне біріккен, ортақ тауар өткізетін жүйені құру үшін күш біріктіруді ұсынамыз. Бұл жаңа инфрақұрылым біздің тауарларды Еуразиялық Экономикалық кеңес пен ТМД елдеріне жүйелі түрде тасымалдауға мүмкіндік береді. 

Президент әріптестеріне «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін тиімді пайдалануға шақырды. Бұл орталық әлемнің үздік тәжірибесін жинақтаған. Қазірдің өзінде 53 елдің 800 компаниясы тіркелген. Қасым-Жомарт Тоқаев инновациял-сандық экономикаға баса назар аударуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасыныңі Президенті:
Мәселен қазақстандық «Каспи.кз» финтех компаниясы. Ол Лондон қор биржасына акцияларын шығарып, Қазақстанның ғана емес тұтас өңірдің ең қымбат көпшілік компаниясы болып отыр. Акцияларының нарықтық бағасы 22 млрд доллар. Сондай ақ мемлекеттік қызметті көрсету саласында да жетістіктеріміз бар. Бұл қызметтердің 90 пайызы онлайн беріледі. Біздің АйТи индустрия белсенді түрде тәжірибе алмасуға және дайын шешімдерді ұсынуға әзір.

Орталық Азия арқылы ықылым заманнан түрлі керуендер өткен. Аймақтың жүк тасымалдау мүмкіндігі зор. Дүниежүзілік банкінің есебінше транспорт коммуникациясын дамыту арқылы бестік елдері жалпы ішкі өнім көлемін 15 пайызға арттыра алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасыныңі Президенті:
Мәселен «Дарбаза-Мақтарал» теміржолын іске қосу жүк тасымалының уақытын 1,5 есеге азайтады. «Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар» теміржолының құрылысы Оңтүстік Азияның нарығына жол ашпақ. Өзбекстанмен жаңа жобалар талқыланып жатыр. Ең әуелі ол жоғары жылдамдықтағы «Түркістан-Шымкент-Ташкент» теміржолы.

Орталық Азия үшін су мәселесі қашан да өзекті. Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаев «су - бізді бөлетін емес, керісінше біріктіретін құрал» болуы керек екенін алға тартты. Ол үшін бұл салаға сандық технологияларды белсенді түрде енгізу қажет. Мәселен Қазақстан алдағы 5 жылда 3 мың шақырым болатын 119 каналды цифрландырмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасыныңі Президенті:
Суды үнемді пайдалану мемлекеттер арасындағы ашық әрі сенімді байланысты қалыптастыруға сеп болады. Сондай ақ вице-министрлер деңгейінде жұмыс тобын құруды ұсынамыз. Орталық Азияның мемлекетаралық су-энергетикалық консорциумын құру мәселесіне де қайта оралсақ болады. 

Жахандық пандемия уақытында жаңадан туындаған сын қатерлерге бірлесіп төтеп берген абзал. Қазақстан вирусқа қарсы вакцина ойлап тапқан алғашқы 10 мемлекеттің қатарына енді. Жақында Казвактың бір партиясы Қырғызстанға жіберілді. Қазақ елі көршілеріне көмек қолын созып, тәжірибе бөлісуге әрдайым әзір.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасыныңі Президенті:
БҰҰ-ның 75-ші Бас Ассамблеясында Қазақстан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды. Болашақта бұл ұйым биологиялық қауіптің алдын-алып, түрлі аурулар жайлы мәліметтермен алмасуға көмектесетін еді. Осы маңызды бастаманы бірігіп насихаттауға шақырамын.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Тарихы мен мәдениеті, дәстүрі мен дүниетанымы ортақ бауырлас елдердің басқосуы мемлекеттердің ынтымағын жарастырып, байланысын нығайтуда қашанда маңызды екені сөзсіз. Халықаралық қауымдастық та бұл жиынға ерекше назар аударып отыр. Кеңеске Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілі арнайы келіп қатысты. Ал мемлекет басшылары келесі жоғары деңгейдегі кездесуде Орталық Азия елдерінің 21-ғасырда орнықты дамуы үшін достық пен тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға уағдаласты.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу