Нью-Йоркте екпе алмағандарға шектеулер енгізілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нью-Йоркте екпе алмағандарға шектеулер енгізілмек

04.08.2021

Әлем елдері коронавирустың дельта штамымен күресіп жатыр. Нью-Йорк АҚШ қалаларының ішінде алғаш болып вакцина алмағандарға шектеу қоймақ. Ал, Индонезияда коронавирустан жан тәсілім еткендер 100 мыңнан асты. Қытайдың коронавирус алғаш пайда болған Ухань қаласында жағдай қайта ушықса, Германияда вакцина алмағандарға қатысты қатаң локдаун жарияланбақ.

Американың Нью-Йорк қаласында коронавирусқа қарсы вакцина алмағандардың кейбір қоғамдық орындарға баруына тыйым салынбақ. Мегаполистегі мейрамханалар, фитнес орталықтар және өзге де ойын-сауық орындарына кіру үшін тұрғындардан екпе алғаны туралы анықтама талап ету жоспарланып отыр. Мысалы, Бродвей театрлары өз қызметкерлері мен көрермендерінен вакциналанғаны жайлы құжатты қазан айына дейін талап ететінін мәлімдеді. Шектеу қыркүйектің 13-нен бастап күшіне енеді. Қала мэрі Билл де Блазионың бұл бастамасы Нью-Йорк тұрғындарының көңілінен шықты.

Джерри Аджаи, Нью-Йорк тұрғыны:
 Бұл - вирустан құтылудың ең жеңіл жолы. Құптарлық шешім. Қоғамдық орындарға кіру үшін вакцина алуды талап ету арқылы қалыпты өмірге тез оралуға мүмкіндік бар.

Ал, Индонезияда коронавирус құрбандарының саны 100 мыңнан асты. Елде "Дельта" штамы өршіп жатыр. Бүгін инфекция жұқтырғандардың бір тәуліктегі саны 34 мыңға жуықтаған. Оңтүстіказиялық мемлекетте вирустың тарауын тоқтату үшін адамдардың жүріп-тұруына шектеулер қойылған. Билік бірнеше этаптан тұратын карантин шараларын тағы ұзартуға мәжбүр.

Джоко Видодо, Индонезия президенті:
 Ковид-19 өте жылдам тарап жатыр. Барша жұртты сақтық шараларын ұмытпауға шақырамын. Жағдайды бақылауға алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет.

Ал, Қытайдың Ухань қаласында қауіпті инфекция былтырғы көктемнен бері алғаш рет осы аптада тағы анықталды. Сол себепті мұндағы 11 миллион халық түгелдей ковид тесттен өтіп жатыр. Коронавирустың тарауын тоқтату үшін жергілікті билік тұрғындардың топ болып жиналуына тыйым салды. Бұған қоса, үкімет адамдарды қаладан шықпауға үндеп, оқушыларды онлайн білім беруге көшірді. Сақтық шаралары Қытайдың вирус анықталған өзге де қалаларында барынша күшейтіліп жатыр.

 Сюй Дэшунь, Нанкин қаласындағы тұрғын үй кешенінің басшысы:
Циклді зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әсіресе, қоғамдық зоналарға көп көңіл бөлінуде. Әр үйдегі лифтіні тазалау үшін арнайы персонал жіберіледі.

Германия басшылығы болса, вакцина алмаған азаматтарға қатысты қатаң шектеу шараларын енгізбек. Әзірге, жаңа локдаунның нақты пункттері жарияланған жоқ. Белгілісі сол - коронавирусқа қарсы екпе алмағандар ешбір қоғамдық орынға жіберілмейді. Соңғы мәліметтерге сай, германиялықтардың 60 пайызы вакцинаның бірінші компонентін, ал 49 пайызы екі дозасын алған. Билік халықтың 70 пайызы толық вакциналанғанда ғана шектеу шараларының күшін жоятынын мәлімдеп отыр.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу