ШҚО-да мотоциклмен қой тасыған жүргізуші жазаға тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да мотоциклмен қой тасыған жүргізуші жазаға тартылды

04.08.2021

Шығыс Қазақстанда мотоциклмен қой тасыған адам әкімшілік жазаға тартылды. Үржар ауданының тұрғыны мотокөліктің екі жағына екі тірі қойды және тағы біреуін алдына байлап алып жүрген. Оның бұл әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кейбір адамдар малға жаны ашып, көлік жүргізушісін жануарларды қинағаны үшін жазаға тартуды ұсынды. Көп ұзамай облыстық полиция департаменті ереже бұзған адамға әкімшілік кодекстің бірнеше бабы бойынша айыппұл салынғанын хабарлады.

Жандос Кошкинчинов, облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бөлім бастығы:
35 жастағы азамат мотоциклды құжатсыз айдағаны, көлігінде мемлекеттік номері болмағаны және мотошлем кимегені үшін жазаланды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы – 77 784тенге.

Ал Алматыда көлігін кинотеатрға айналдырған жүргізуші жазаланды. Көлігінің артына телевизор орнатып алған ол қала көшелерінің бірімен жүріп келе жатып, бейнеролик көрсеткен. Бейнежазба әлеуметтік желіде тараған соң полиция бұл көліктің иесін дереу ұстап алды. 41 жастағы ер азаматқа 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.


Хабарламаларға жазылу