Маңғыстау облысында астық терминалы жабылғалы мал азығы қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында астық терминалы жабылғалы мал азығы қымбаттады

03.08.2021

Маңғыстау облысында Бейнеу астық терминалы жабылғалы мал азығы бірнеше есе қымбаттап кетті. Экспорт тоқтады. Кәсіпорын Өзбекстан, Түрікменстан және Иран елдеріне жылына 1 млн тоннаға дейін ұн тасымалдап келді. Алайда, елімізде бидай өнімдеріне берілетін субсидияның тоқтауы ақыры зауыттың жабылуына әкеп соқты. Бейнеуден әріптесім Аягөз Оралбайқызы баяндайды.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Бейнеу астық терминалы осыдан 11 жыл бұрын сән-салтанатымен іске қосылды. Алпауыт кәсіпорын айына 260-270 тонна ұн, 1200 тонна кебек өндіріп отырды. Жергілікті халық арзан әрі сапалы ұнға жарып, мал азығын да осы жерден алып келді. Алайда, бүгінде заводта өндіріс тоқтап, банкрот боп қалған. 

Заводтың тоқтағанына 2 жыл болды. Ірі өндіріс ошағының жабылуы жұмысшыларға оңай соққан жоқ. 130 ға жуық Бейнеулік тұрақты табысынан айрылды. Солардың бірі-Рысгүл Қарашбаева. Ол 1 жыл жарым жыл бойы жұмыссыз жүріп, жақында ғана тігін цехына орналасты.

Рысгүл Қарашбаева,  Бейнеу ауылының тұрғыны:
Бидай келген кезде жақсы жұмыс болады. Елді ұнмен қамтамасыз етіп. Жем арзан, ұн арзан күшті жақсы болды. Бидай келмей қалып, жұмыс тоқтап қала берді қайта-қайта. Күнкөрісіміз қиындап бара жатқасын ол жерден өз еркіммен шығуға тура келді. 

10 жыл бойы жергілікті өнімді тұтынған тұрғындар да терминалдың жабылғаны әсіресе қуаңшылық кезінде қиын болды деп отыр.

Зибагүл Толыбаева, Бейнеу ауылының тұрғыны:
Басқа облыстардан келген ұнға қарағанда біздің ұнымыз өте кәдімгі сапалы, наны сондай дәмді болып пісетін. Жемі тиімді еді және қалтамызға арзан. Сол терминал ашылса екен дейміз. 

Аудан басшылығының айтуынша, зауыттың жабылуына, бидай өндірушілерге берілетін субсидияның тоқтатылуы себеп. Салдарынан жұмыссыздар қатары көбейіп, мал азығы 2,5 есе қымбаттаған.

Таңат Нұрмағанбетов,  Бейнеу аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы:
Терминал жасап тұрғанда мал азығы 1 кг кебектің бағасы -37-40 теңге арасында болған. Қазіргі таңда нарықтағы баға 100 теңгенің үстінде болып тұр. Ашылғаны аудан халқына өте пайдалы болар еді. Арзан мал азығын дайындауға, арзан ұн дайындауға үлкен септігін тигізер еді. Әрі жұмыс болады халыққа. 

Астық терминалы120 млн теңге көлемінде салық төлемеген. Қазір завод банкроттық басқару мекемесінің иелігінде. Ал, мүлкі кепілге алынған. Терминал жуырда аукцион арқылы сатылымға шығарылмақ. 

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу