Таразда бір тәулікте 25 той тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда бір тәулікте 25 той тоқтатылды

02.08.2021

Елімізде жұқпалы індет өршіп тұрғанына қарамастан той өткізу тыйылар емес. Жақында ғана қызыл аймаққа кірген Таразда бір тәулікте 25 той тоқтатылды. Ал, Түркістан облысында көпшілік жиындарға тосқауыл қою үшін аймақ басшысы әрі тойхана алдына бір -бір полиция қызметкерін қоюды тапсырды. Аймақтардағы ахуалды Сәбит Әлдебай жеткізеді.

Таразда бір тәулікте 25 той таратылды. Жүздеген адамды жиып, дүрмек жасағандардың қатарында Байзақ ауданының әкімі де бар. Шектеу шараларын елемеген мемлекеттік қызметкерге айыппұл салынды.

Рита Алтынбасова, Тараз қаласының бас эпидемиолог-дәрігері:
Ол жерде 200 АЕК бойынша айыппұл салынады.ол дегеніміз 675 910 теңге. Қазір тойханаларымыз тоқтамай тұр, қанша айыппұл салсақ та бұл кісілер әдейі той жасап жатыр деп ойлаймын.

Ал, Түркістанда жыл басынан бері 600-ге тарта той тоқтатылған. Осы жолы Сайрам ауданында жергілікті тұрғын демалыс аймағының аумағында жасырын той өткізген. Мобильді топ мүшелері тойды тарқатып, қонақтарды үйлеріне қайтарды. Аймақта жыл басынан бері сот шешімімен 34 мейрамхананың жұмысы уақытша тоқтатылды.

Ал, Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданында тойхананың әкімшісі мониторинг тобына есік ашпай, тойға алғашқы боп келген 20 адамды 5 сағат бойы ғимарат ішінде ұстаған. Ақыр соңында мейрамхана тоқ көзінен ажыратылды. Сол кезде қонақтар терезелерден шыққан. Араларында балалы аналар мен жүкті әйелдер де бар. Бұдан бөлек 300 адам жиылған той басталмай жатып тарқатылды.

Ақмола облысында да өткен демалыс күндері бірнеше мерекелік шара доғарылды. Көкшетаудағы мейрамханалардың бірінде 130 адам жиналған. Коттеджде өткен көпшілік іс-шара да дереу тоқтатылды. Жалпы Ақмола облысында биыл карантин талаптарын бұзғандарға барлығы 76 миллион теңге айыппұл салынған.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу