Ақмола облысында бір айда 18 адам коронавирустан көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында бір айда 18 адам коронавирустан көз жұмды

30.07.2021

Ақмола облысында бір айда коронавирус инфекциясынан 18 адам көз жұмды. Қазір, Көкшетаудағы жұқпалы ауруларға қарсы орталықта бос орын жоқ. Індет жұқтырғандар күн сайын көбейіп барады. Тұрғындардың дені екпе алмайынша жағдай түзелмейді дейді мамандар. Ауруханадағы ахуалды көзбен көрген әріптесім Ермек Елбергеннің бейнематериалы.

200 орынға лайықталған орталықта 211 науқас ем алуда. 28-і жан сақтау бөлімшесінде жатыр. Жағдайлары ауыр. Олар жасанды тыныс алу аппараттарына қосылған.

Тыныштық Ахметова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Ауру өте ауыр екен. Анау мен айтамын, қазақтар біздің әлгі тойымыз қалмайды. Жиналамыз. Қойыңдар оны. Бір адамның сенбейтін мен едім шынын айтсам, ол бәрі кімді нетеді, маған нетеді деп? Оны қою керек.

Соңғы уақытта балалар мен жүкті әйелдер арасында да ауруды жұқтырғандар көбейген. Қазір орталықта 44 аяғы ауыр әйел жатыр. Ауруғанаға ауырып хәлде түскен Әнел Кошерова осында босанды. Беті бері қарағанына бірнеше күн ғана.

Анель Кошерова, Степногорск қаласының тұрғыны:
Осында түскенде өкпемнің 10 пайызы қабынған болды. Кейін 60 процентке жетті. Қатты қиналдым. Неше түрлі жаман ойлар да келді. Әйтеуір медицина мамандары арқасында аман қалдым. Алғысым шексіз. 23 күн жатырмын. Тезірек үйге балаларыма барғым келеді.
Қарлығаш Қалиева, Жұқпалы аурулар орталығы акушерлік-гинекологиялық бөлімінің меңгерушісі:
Өткен айда бөлімшеде 4 әйел ғана жатқан. Қазір 44. Олардың тек 9-ынды ғана өкпе қабынуы жоқ. Жүкті әйелдер негізінен үйде ғой, отбасы мүшелері арқылы жұқтырады көбі.

Коронавирус инфекциясына байланысты жедел-жәрдем шақырту да көбейген. Күніне 100 шақты. Маусымда орта есеппен күніне 80 науқас анықталса, қазір бұл көрсеткіш 200-ден асты. Осы айда 18 адам көз жұмды.

Сәуле Жұматаева, Жұқпалы аурулар орталығының медициналық қызмет жетекшісі:
Маусым айында тәулігіне көп дегенде 10 науқас жеткізілсе, қазіргі уақытта 20-25 адамнан түсіп жатыр. Және ауырғандар азаймай тұр. Тағы бір ерекшелігі ауыр халдегі науқастар көп. Өкпелерінің 60-65 пайызы қабынған. Сондықтан жан сақтау бөліміне орын қосып жатырмыз.

Облыста барлығы 1254 науқас ем алуда. Жұқпалы аурулар бөлімшелері 60, ал реанимация 70 пайызға толған. Ахуал жақсармаса, тағы да қосымша орындар ашылмақ. Ал өңірде екпе алғандардың саны енді ғана 50 пайыздан асты.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу