Токио олимпиадасында өнер көрсеткен боксшыларымыздың алды елге оралды. Кеше жанкүйерлер Нұрсұлтан әуежайынан Василий Левит пен Абылайхан Жүсіповты қарсы алды. Жарыс жолын ерте аяқтаған боксшыларымызды күтіп алуға тілшіміз де барып қайтты.
Нұр-Сұлтан әуежайынан жанкүйерлер боксшыларды батырға лайық құрметпен қарсы алды. Василий Левит 91 келіге дейінгі ауыр салмақта фаворит саналған. Жанкүйерлер де Левит топ жарады, алтыннан алқа тағады деп күтті. Бірақ сүрінді. Ал жығылғанға жұдырық ала жөнелу біздің ұлтықа жат әдет. Елге оралған Василий қолдау білдірген жұртшылыққа ризашылығын білдірді. Шаршы алаңда шеберліктің жетіспей қалғанын және жаһанды жайлаған пандемияның да әсері болғанын жасырмады.
Василий Левит, боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
Пандемиямен қатар басқа да факторлар әсер еткен шығар. Нақты қай жерден қате кеткенін білмеймін. Өмір жалғасады. Бастысы қолыңды төмен түсірмеу керек. Бұл боксшыларда жаман ырым. Әзірге жақындарым мен отбасымды көргім келеді. Жеңісте де, жеңілісте де бірге болған жанкүйерлерге рахмет.
Ал «Қазақтың салмағы» саналатын 69 келіде Абылайхан Жүсіпов өнер көрсеткен. Алайда ағаларының жолын інісі жалғастыра алмады. Спортшы салын суға жібермей, жекпе-жекті мұқият қарап, жіберген қателіктерді саралаймын деп отыр.
Василий де, Абылайхан да әлеуметтік желідегі парақшаларына жазба қалдырды. Онда олар жарыс жолынан таяған кезде өздерін қолдаған халыққа рахметін айтты. Сөйтіп Токиода жарыс жолын жалғастыратын жерлестерімізге сәттілік тіледі.
Дархан Рақымжан