Қазақстанда соңғы екі аптада коронавирус жұқтырғандар саны 2 есе өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда соңғы екі аптада коронавирус жұқтырғандар саны 2 есе өскен

28.07.2021

Соңғы екі аптада індет жұқтырғандар 2 есе өскен. Сондықтан, дүйсенбіден бастап вирус қатты тарап жатқан 5 өңірде шектеу күшеймек. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Індет күн санап өршіп барады. Денсаулық сақтау министрлігіне де жүктеме былтырғыдан 2 есе көбейген. Былтыр осы кезде күніне 2000 адам ауырса, биыл 6 мыңнан асып отыр.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Қазір төсек-орын қоры 1 жарым есе көбейтілді. Бірақ, бірқатар өңірде инфекциялық және реанимациялық төсек тапшылығы болуы мүмкін. Өйткені, ауыр жағдаймен түскендер саны 2 есе артты.

Алексей Цой вирус жұқтырғандардың 99,9 пайызы вакцина алмағанын айтты. Ал, екпе салдырғандардың 0,1 пайызы ғана індетке шалдыққан. Сондықтан, вакцина алу маңызды.

Қазір Жамбыл облысындағы зауыт іске қосылып, QazVac вакцинасының 600 мың дозасы өндірілген. Ол тамыз айында өңірлерге жеткізілмек.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
2021 жылға вакцина сатып алу үшін 95 млрд теңгеден астам қаражат жоспарланған. Соның 61 млрд теңгесі вакциналар мен оны егуге қажет шприц алу үшін жұмсалды.

Ахуал күрделі болса да, каратин талабын бұзатындар азаяр емес. Жыл басынан бері 22 мың дерек тіркелген. Оның 2 мыңы той. Одан бөлек, «Ashyq»-та «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 23 мың азамат анықталған. Сондай-ақ, жалған вакцинация паспорты мен птр жасауға қатысты 86 қылмыстық іс қозғалған.

Арыстанғани Заппаров, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
Жалған вакцина паспортын жасағандар 4 жылға сотталуы мүмкін. Ал, оны пайдаланғандар 40 тәулікке қамалуы мүмкін.

Індет өршіп тұрған өңірлерде енді «Ashyq» жүйесіне басымдық беріледі. Осы жүйеге қосылған кәсіпкерлердің жұмыс уақыты ұзарады. Айта кетейік, қазір ашыққа 22 мың кәсіпкер тіркелген, шектеу күшейсе, тағы 100 мыңы қосылуы мүмкін.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:
2 тамыздан бастап «Ashyq»-пен жұмыс істейтіндер 20.00-ге дейін ашық болады. Ал, 9 тамыздан ары қарай 10-ға дейін. Ashyqтың нағыз лидерлері 12-ге жұмыс істейді. Негізгі кәсіпкерлер жұмысты тоқтатпауды сұрап отыр. Ал, біз қауіпсіздік үшін осы шара дұрыс деп ойлаймыз.

Абылай Мырзахметов жұмысы тоқтаған нысандардың жұмыскерлеріне 42500 теңге төлеге негіз жоқ деді. Өйткені оларға «Ashyq» бойынша 5 күн жұмыс істеу құқығы беріледі. Ал, қазір ашық қосымшасын мектептер мен жоғары оқу орындарына қосу қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, бірінші компонентін алғандарға да «жасыл» статус берілуі мүмкін.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу