АҚШ-та мемлекеттік қызметкерлер вакцина алуға міндеттелмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та мемлекеттік қызметкерлер вакцина алуға міндеттелмек

28.07.2021

АҚШ әкімшілігі мемлекеттік қызметкерлерді вакцина алуға міндеттеу мәселесін қарастырып жатыр. Сонымен қатар, Құрама Штаттардың вирус кең тараған аймақтарында маска тағу қайта талап етіле бастады. Ал, Францияда мұражайлар мен кинотеатрларға және өзге әлеуметтік нысандарға екпе паспортынсыз кіру мүмкін емес. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Ақ үй әкімшілігі федералдық қызметкерлерді екпе салуғу міндеттеу мәселесін жіті қарастырып жатыр. Егер осы жайлы жаңа ереже қабылданатын болса, мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтіндер вакциналанғанын дәлелдейтін құжатты көрсетуге тиіс. Болмаса, олардан коронавирусқа қарсы үнемі тест тапсыру мен маска тағу талап етілмек. «Ассоушиэйтид пресс» агенттігі хабарлағандай, бұның бәрі АҚШ-та ковидтің «дельта» вариантының өршуіне алаңдаушылықтың күшейгенін байқатса керек. Мұны президент те жоққа шығарып отырған жоқ.

Джо Байден, АҚШ Президенті:
Бізде пандемия. Дельта-вариант туралы көп білген сайын адаңдай түсуіміз керек. Егер 100 миллион адам вакциналанғанда, басқаша өмір сүрер едік. Сондықтан, екпе салдырыңыздар. Егер бұны істемесеңіздер, онда ақылды емессіздер.

АҚШ-тың Басқару және бюджет жөніндегі федералдық кеңсесінің дерегінше, елде 4,2 миллион мемлекеттік қызметкер бар. Оларды екпе алуға міндеттеу туралы шешімді Байден жергілікті уақытпен бейсенбіде қабылдауы мүмкін.

Айта кетсек, сейсенбі күні Құрама Штаттардың Ауруларды бақылау және алдын-алу агенттігі вирус кең тараған аудандарда вакциналанған азаматтардың өзінен жабық кеңістікте маска тағуды талап ететін бұйрық шығарды.

Соңғы айларда Американың түрлі штаттарында коммерциялық компаниялар, университеттер, ауруханалар, жергілікті билік органдары жұмысшыларын маска тағуға, екпе салдыруға міндеттеді. Бірақ, соған қарамастан, ересек америкалықтардың 60 пайызы ғана толық вакциналанған. Ал, коронавирустың соңғы толқыны халықты иммундау деңгейі төмен аудандарды қатты шарпып жатыр.

Энтони Фаучи, АҚШ-тың жұқпалы аурулар жөніндегі қызметінің өкілі:
Бұл проблеманың шешімі – елдегі вакциналануға құқығы бар, бірақ оны алмаған 100 миллионды екпе салдыруға мәжүрлеу деп есептеймін.

Елді иммундалуға мәжбүрлеуге кіріскен тағы бір мемлекет- Франция. Бесінше Республика Сенаты медицина қызметкерлерін міндетті түрде вакциналау туралы заңды шілденің 26-да мақұлдалы. Сонымен қатар, қазір Францияда мұражайларға, кинотеатрларға, бассейндерге және тағы басқа әлеуметтік нысандарға вакцина сертификатынсыз немесе ПЦР тестің теріс нәтижесін көрсетпей кіру мүмкін емес.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу