Президент жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды

27.07.2021

Шаруалар жем-шөп мәселесіне бейжай қарамауы тиіс. Егін ору науқанына да дайындықты күшейту керек. Мемлекет басшысы Ақмола облысына сапары барысында күзгі жиын-терім мен қыс қамын ширатуды тапсырды. Президент бірқатар кәсіпорын жұмысымен танысып, өңірдегі денсаулық сақтау және білім беру нысандарын аралады. 

Аграрлы өңір ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруден ел бойынша алда келеді. Сондықтан Мемлекет басшысы алдымен осы салаға қажетті техника құрастыратын кәсіпорынға барды.

Қазір қолданыстағы техникалардың дені ескірген. Бұл дала еңбеккерлерінің шаруасын ширатуға кедергі. Комбайн мен трактор шығаратын зауыт олқылықтың орнын толтыруға ниетті. Ресей мен Қытайдың техникалары осы жерде құрастырылып жатыр. Былтыр астық жинайтын комбайнның 500-ден астам данасын шығарса, биылғы меже одан да көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау біз үшін басым бағыт саналады. Үкімет ауыл шаруашылығы мәселелерімен айналысуы қажет. Әлемде не болып жатқанын көріп отырсыздар. Азық-түліктің бағасы 40 пайызға қымбаттады. Біз бағаны ұстап тұруға тырысамыз. Бірақ бұл оңай емес. Әрине, Қазақстан ауыл шаруашылығы дамыған ел болуы тиіс. Біз іс жүзінде өзімізді ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз етуге көшуіміз керек.

Жастарға арналған «Болашақ сарайында» қосымша білім беруге арналған орталық 5 бағыт бойынша жұмыс жасайды. 76 үйірме бар. Қазір 2200-ден астам бала шығармашылық, ғылыми, интеллектуалды салалар бойынша дайындалады. Қызметтің 80 пайыз тегін.

Облыста құрылыс индустриясының қарқыны қуатты. 23 жоба жүзеге асып жатыр. Атбасарда 100 пәтерлі 5 үйдің құрылысына республикалық бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның екеуі биыл салынады. Дегенмен, аймақта проблемалар да аз емес. Облыс орталығы Көкшетаудың өзінде жылу электр станциясы әлі салынбаған. Салдарынан қалада қысы-жазы ыстық су жоқ.

Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі:
Бұл станцияның құрылысы тұрғындарды көптен бері толғандырып келеді. Сіздің берген тапсырмаңызды орындау үшін Үкіметпен бірге шаралар қабылдап жатырмыз. Биыл мамырда жобаны әзірлеуді аяқтадық және сараптаманың оң қорытындысын алдық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мұнымен айналысу керек. Жылу электр станциясы жоқ жалғыз облыстық қала осы Көкшетау. Жоба құны 240 млрд теңге. Біз бұдан аз сомаға есептедік, бірақ көп ұзамай шешім қабылданады. Бұл облыс орталығы тұрғындарының өмірін жеңілдетеді. Сондықтан Үкімет бұл жұмысты соңына дейін жеткізуі тиіс.

Президент облыс басшылығы алдында бұдан да басқа міндеттердің тұрғанын еске салды. Әсіресе, егін жинау науқаны.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әрине, науқанға көбіне табиғи жағдайлар ықпал етеді. Бірақ біз бар күшімізді салуымыз керек. Ылғал жеткіліксіз, жаңбыр аз болды. Екіншіден, биылғы жаз нені көрсетті?! Фермерлер мал сатып алады да, бірақ жем-шөп базасын реттеуді ұмытып кетеді. Осы мәселелер шешілуі тиіс.

Тұрғын үй құрылысына қатысты мәселелер де уақыт күттірмеуі тиіс. Әлеуметтік үй кезегінде негізсіз тұрғандардың жолын кесу керек деді Президент. Сонымен қатар Қосшыға қатысты шешіміне тоқтала кетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қағаз бойынша Қосшыда 40 мың адам тіркелген. Ал шынтуайтында 80 мыңдай адам тұрады. Қандай да мәселесін шешу үшін жұрт облыс орталығы Көкшетауға сабылады. Қанша уақыты кетеді. Сондықтан халыққа барынша ыңғайлы болу үшін Қосшыға қала мәртебесін беру туралы шешім қабылданды.

Президент ұлт саулығына қатысты атқарылып жатқан істермен танысты. Аймақта онкологиялық ахуал күрделі. Дерт дендеп келеді. Обырдан ел аумағы бойынша Ақмола алда тұр. Әсіресе, сүт безі мен өкпенің қатерлі ісігі асқынған. Жыл сайын 2000-ға жуық адамнан анықталады. Қазір 9 мың науқас кеселмен күресіп жүр.

Өкінішке қарай, көбісі кеш қаралады. Оның үстіне тиісті технология да тапшы болды. Жыл басында онкологиялық орталық ашылды. Аурудың кез келген сатысында дәл анықтап, емдеуге мүмкіндік туды.

Қуаныш Ыдырысов, онкологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі:
Стационарда орналасқанбыз алдында. Онда бірінші этажда 3-4-ақ кабинет болатын негізі. Қазір мына ғимаратқа көшкелі бәрі қолымызда оборудованиялар бар жаңа МРТ, КТ, мамография өткіземіз. Алдында МРТ аппарат болмайтын.

Президент «Еуразия Групп» компаниясына да соқты. Мұнда әлемнің үздік ауылшаруашылық өнімдері сатылады. Салаға қажетті техниканың бәрі бар. Ел нарығында 20 жыл. Енді қызмет көрсету орталығын іске қосты.

Алмас Қасымов, компанияның өңірлік дамыту бойынша директоры:
Бұрын біздің клиентіміздің техникасы сынып қалса қосалқыларды шетелден күтіп отыратынбыз. Енді осы қосалқылар қоймада артығымен тұрады. Біздің клиентімізге, ауылшаруашылығының иелеріне өте жеңіл болады. Олар қосалқыларды күтпей, келіп сатып алып, өздеріне қоя береді.

Компания қазір саланы цифрландыруға бет бұрды. Комбайндардың біразы механизаторсыз жүре береді. Яғни адам күші қажет емес. Тек сырттан бақылап отырса жеткілікті. Елдің барлық өңірінде филиалы бар. 400 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Асима Нұрбайқызы, тілші:
Ақмола - астықты аймақ, өндірісті өлке. Өңір экономикасын өркендетудің негізгі факторы осы екі бағыт. Сондықтан екеуінің екпін алғаны маңызды. Шағын және орта кәсіптің де көкжиегін кеңейту керек. Аймақтың түристік әлеуетін әлі де толық пайдалану қажет. Халықтың әл-ауқатын жақсарта түсу - негізгі меже. Мемлекет басшысы сапар соңында облыстың экономикалық әлеуметтік дамуына қатысты бірқатар тапсырма берді.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу