Маңғыстауда сайлаушылардың 30 пайызға жуығы дауыс беріп үлгерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда сайлаушылардың 30 пайызға жуығы дауыс беріп үлгерді

25.07.2021

Маңғыстауда 14 мыңнан астам сайлаушы болса, қазірге дейін соның 30 пайызға жуығы дауыс беріп үлгерді. Аймақта 14 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Ал, Ақтөбелік сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Мәселен, Алға ауданындағы 823 сайлаушының негізгі бөлігі өз таңдауын жасап үлгерген.

Ақшұқыр аулының әкімі Айсағали Нұғымановтың бүгін осы қызметтегі соңғы күні. 53 жастағы әкім елді-мекенді 11 жыл басқарды. Бірақ, осы сайлауда әкім болудан бас тарттып, жастарға жол берді.

Айсағали Нұғыманов, Ақшұқыр ауылының әкімі:
Орын - тақ емес, халық адамгершілік адами қасиетін жоғалтпау керек кім келсе де алдына соны жеке қабылдап. Көшелерге таратуар салу, теңіз жағасын абаттандыру халықтің қазір сұрап жатқаны. Осыны ары қарай жалғастырып, халықтың үніне құлақ асатын, халықпен бірге болатын жас жігіттердің келуін қалаймын.

Ақшұқыр аулында 7 мыңға жуық сайлаушы бар. 3 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Әкім болуға 3 адам үміткер. Облыс бойынша тағы Құланды, Жармыш, Қызан, Тұщықұдық секілді бірнеше ауылда әкім сайланады. Барлығы - 14 мың 144 сайлаушы бар.

Ақтөбелік сайлаушылардың да белсенділігі жоғары. Мәселен, Алға ауданындағы номері 176-ыншы Үшқұдық сайлау учаскесінде 823 сайлаушы болса, оның негізгі бөлігі өз таңдауын жасап үлгерді. 11 адам бірінші рет дауыс беріп жатыр. Сондай-ақ, округке қарасты Ақсазды, Жерұйық ауылдарындағы сайлаушылардың да дауыс беруіне барлық жағдай жасалды.

Шәміл Балмұханов, ауыл тұрғыны:
Бірінші болып дауыс беріп келе жатырмыз. Зейнеткер жасындамыз. Ел болып, халық болып осы елдің қамын ойлайтын , елдің ертеңін, бүгінін ойлайтын азамат сайлағымыз келіп, сол таңмен таласып келіп жатқан жағдайымыз бар, ағайындар. Мына ауылдың халқы осы күнді күтіп, бәрі келіп өз таңдауларын жасап жатыр деп ойлаймын.

Ал, Ақмола облысында бүгін 95 әкім сайланбақ. Бұл республика бойынша өңірлер арасында ең жоғары көрсеткіш. Қазір аудандық маңызы бар 2 қалада, 6 кентте, 87 ауылда барлығы 218 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Облыста әкім лауазымына 303 кандидат тіркелген. Оның 93-і саяси партиялар атынан, 210-ы өзін-өзі ұсынғандар. Өңірде 100 мыңнан астам сайлаушы өз таңдауын жасайды.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу