Жағалаудағы демалыс базаларына электр энергиясы жетпей жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жағалаудағы демалыс базаларына электр энергиясы жетпей жатыр

22.07.2021

Демалыс базалары шығынға батып жатыр. Шығыс Қазақстанның Көкпекті ауданындағы кәсіпкерлер дабыл қағуда. Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы демалыс үйлерінің иелері соңғы кезде электр энергиясының тапшылығынан бизнестің де, демалушылардың да берекесі кетіп тұр дейді.

Бұқтырма су қоймасының бір жағалауы Көкпекті ауданынның аумағында орналасқан. Суы жылы, құмы майда болғандықтан бұл жаққа жаз айында мыңдаған адам келеді. Соңғы 3-4 жылда жағалауда демалуға арналған үйлер жаңбырдан кейінгі саңырауқылақтай көбейді. Бірақ, электр энергиясының жетіспеушілігі бүкіл кәсіпкер үшін үлкен проблемаға айналды.

Шынар Түйебаева, жеке кәсіпкер:
Тоқтың күші жетпейді де, демалушылардың тамақтары ысырап болып, лақтырып жатыр. Тоңазытқыштар істен шығып жатыр, нешеуін лақтырып, орнына қайта қайта жаңасын әкеліп жатырмыз.

Жарыққа зәру болғандар жанармаймен жұмыс істейтін электро қозғалтқышты қолдануға мәжбүр. Себебі оны қоспаса үйде су да болмай қалады дейді. Бірақ, генератордың қосылғаны тыныш жерде тынығуға келгендерге ұнамайды. Демалуға жағдай болмағандықтан кері қайтып жатқандар да көп.

Бағлан Байзақов, жеке кәсіпкер:
Жарық жоқ болғандықтан клиент қайтамын дейді. Сосын оның ақшасын қайтаруға тура келеді. Клиенттердің көбі кетіп қалды. Енді генератор ол әрине қосымша шығын. Біз электр энергиясы үшін төлейміз және генератор қосқанда тәулігіне 40 литр бензин кетеді.

Бұл жаққа тартылған электр желілері жеке меншіктің қолында. Олар сұхбат беруге келіспеді. Ал өңірдегі энергетикалық компания мен жергілікті билік өкілдері бұл мәселеге араласа алмаймыз деп отыр. Сондықтан демалыс база иелері кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрапты.

Әлия Мұқышева, Аймақтық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
Су жағасында бұрын 200-ден астам ғана үй болған. Ондай көп турист те келе қоймайтын. Қазіргі таңда су жағасындағы үй саны 800-ден артады. Туризм басқармасы бар, сол жаққа хат жолдап, мәселе күрделі болып тұрғаннан кейін шешуге тырысамыз.

Кәсіпкерлердің айтуынша, электр энергиясының тапшылығы былтырдан бері бар. Сол уақыттан бері құзырлы органдарға осы проблема жайлы талай айтылыпты. Ал шомылу маусымы мұнда бар жоғы 2 ай ғана. Банктен несие алып, ісін жүргізіп отырған кәсіпкерлер үшін клиенттердің кері кетіп жатуы ауыр соғып тұр.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу