Қостанайлық рестораторлар жұмыс уақытын ұзартуды сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайлық рестораторлар жұмыс уақытын ұзартуды сұрайды

22.07.2021

Қостанай облысындағы ресторатор кәсіпкерлер «банкротқа ұшыраудың алдында тұрмыз» деп дабыл қағуда. Олардың дені «Ашық» бағдарламасын орнатып, қызметкерлерді толық вакциналаудан өткізген. Алайда соның өзінде келушілерді қабылдауға тек кешкі сегізге дейін ғана рұқсат беріліпті. «Осы шектеудің салдарынан табыс көзінен қағылып отырмыз» дейді кәсіпкерлер. Себебі тұрғындардың дені кешкі сағат алты мен жетінің арасында жұмыстан шығады. Сондықтан кешкі сегіз адамдардың дәмхана мен мейрамханалардан кететін емес, керісінше, келетін уақыты.

 Бақыт Бейісова кәсіпкер:

20-30 жұмыс орны болып еді. Қазір содан үш-ақ адам қалды. Біздің банктің алдында, арендаторлардың алдында, қызметкерлердің алдында қарызымыз бар. Соны төлей алмай отырмыз. Сондықтан ашық бағдарламасын орнатқандарға түнгі 12-2-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берсе дейміз.

Алайда жергілікті билік орындары кәсіпкерлердің бұл ұсынысын қарайтыны жөнінде тіс жармады. Қазіргі шектеу, қызыл аймақтағы өңірлерде карантин шараларын күшейту туралы үкіметтің пәрменімен жүзеге асып жатқынын айтып, қысқа қайырды. Соңғы тәулікте облыста 149 адам індет жұқтырған.

Гүлмира Мағзұмова, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қоғаммен байланыс жөніндегі бас маманы:

Сырқаттанушылар санының күрт өсуіне байланысты, облыста «ашық» бағдарламасын қолданатын қоғамдық тамақтану орындары 20 00-ге дейін, ондай бағдарламаны қолданбайтындар 18 00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл шара тұрғындар арасында індеттің таралуын болдырму үшін қабылданды.


Хабарламаларға жазылу