Елде эпидахуал өте күрделі. Вирустың таралуы бойынша жасыл аймақта бірде бір өңір қалмады. 15 өңір «қызыл» аймақта тұр. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстары. Ал, Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстары «сары» аймақта.
Індетке шалдыққандар саны бір аптадан бері 5 мыңнан азаймай тұр. Кеше тағы 5179 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Осылайша, індет жұқтырғандар саны жарты миллионнан асты. Ал, вирустық белгілері бар пневмонияға 227 адам шалдығып, 8 науқас көз жұмған. Қазір 64 мыңнан астам тұрғын емделіп жатыр, 1157 науқастың жағдайы ауыр. Ал, екпенің бірінші компонентін алғандар саны 5 млнға жуықтады.