Жезқазған тұрғындары жаңадан салынған балалар алаңының сапасына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазған тұрғындары жаңадан салынған балалар алаңының сапасына наразы

19.07.2021

Жезқазған қаласында балалардың ойын алаңдарына өндіріс қалдықтарынан қалған сапасыз құм төгілген. Осылай деп шағымданған тұрғындар материалдың құрамын тексеріп, денсаулыққа кері әсері жоқ екенін анықтауды талап етеді. Ал, жергілікті билік қаржының аздығынан ойын алаңдарына кәдімгі құм төсеуге мәжбүрміз дейді.

Жезқазған қаласындағы Жеңіс көшесінің 23-ші үй маңында ешқашан балалар алаңы болмаған. Жергілікті билік биыл жөнделетін 10 ауланың тізіміне ілікті дегенде тұрғындар қуанған еді. Алайда жұмыс нәтижесі ешкімге ұнамай қалды. Төсеніш орнынан төге салған құмның шаң-тозаңы аспанға шығып жатыр.

Рәзия Байтуғанова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
Мына құмды ең болмаса кәдімгі сары құм төгу керек еді өзеннің. Мынау таза емес, мынаның составында Жезқазған шетінде пульпа бар, өндіріс қалдықтары. Жел болса болды ақ шаң болып көтеріледі. Сосын тамағыңды жыбырлатады.Оны сертификатцияға апарып тексертуге де болар еді. Бұл таза емес .

Биыл жергілікті билік ойын алаңын саламыз деп 40 млн теңге қаржы бөлген. Тендерді 28 млн теңгеге ұтып алған мердігер қазірдің өзінде 5 алаңды салып біткен екен. Бірақ шаңы шыққан алаңдар көптің берекесін қашырды. Ол аздай, үй маңындағы теректердің жапырақтары да қуарып, шаң басып тұр. Жұрт терезе ашудан, кір жаюдан қалған.

Сәуле Әбдуәлиева, Жазқазған қаласының тұрғыны:
Терезені мүлде аша алмай отырмыз. Шаң-тозаң бұрқырап үйге кіреді. Аулаға 6-7 КамАЗ құм әкеліп төкті. Құм дегеніңіз сарғыш, шаңы аз болуы керек қой. Мынау аппақ, ауаға шаңы көтеріліп жатады.

Әкімдіктегілер болса жоба техникалық құжат пен бөлінген қаражатқа сай екенін айтады.

Ержан Есетов, Жезқазған қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Жалпы сомасы аз болған соң біз астына тартан қарастыра алмадық. Сол себепті құм төсейміз. Сметалық құжат бекітіліп, конкурс өтіп, жеңімпаз анықталған. Мен мердігермен сөйлестім, шаңы шыққан келеңсіз жағдайды ойластырып, қалыпқа келтіретін боламыз.

Жалпы алдағы уақытта Жезқазған қаласында 500 млн теңгеге тағы да 50 балалар алаңы салынады деп жоспарланған. Оларға құм емес заман талабына сай жұмсақ материалдар төселеді деп сендірді әкімдік өкілдері.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу