АҚШ-та коронавирустан қайтыс болғандардың 99 пайызы - вакцина алмағандар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та коронавирустан қайтыс болғандардың 99 пайызы - вакцина алмағандар

19.07.2021

Америка Құрама Штаттарында маусымда коронавирустан қайтыс болғандардың 99 пайызы - инфекцияға қарсы екпе алмағандар. Соңғы мәліметтерге сай, АҚШ-та ковид жұқтырғандардың саны 34 миллионнан асып, 600 мыңнан астам адам қайтыс болған. Қауіпті инфекцияның өте жылдам тарауына елде вакциналау қарқынының баяулауы, "Дельта" штамының өршуі себепші. Әлемнің бірқатар елінде коронавирусқа қатысты эпидахуал нашарлап жатыр.

Францияда өткен тәулікте коронавирусқа 12500 адам шалдыққан. Елде соңғы үш күнде ковид жұқтырудың бір тәуліктегі көрсеткіші 10 мыңнан асып отыр. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, бұл жағдай елдегі эпидахуалдың нашарлағанын көрсетеді. 900-ге жуық науқас аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Франция билігі санитарлық жағдайдың нашарлауына байланысты кейбір аудандарда коменданттық сағат енгізілуі мүмкін екенін ескертті.

Мексикада коронавирустың үшінші толқыны басталды. Бұл елде де инфекция үш күн қатарынан тәулігіне 10 мыңнан астам адамнан анықталып отыр. Вирустың тарауын тоқтату үшін билік вакциналау науқанын жүргізуді күшейте түсті.

Алехандро Масиас, эпидемиолог:
Вакцина салған адамдар ковидпен ауырып жатқа жоқ. Мен көрген науқастардың барлығы екпе алмағандар. Бұл орайда вакцина алудың маңызды екені түсінікті.

Таиланд билігі тұрғындарды вирусқа қарсы шектеу шараларын қатаң ұстануға шақырды. Өйтпеген жағдайда, бір тәулікте 30 мың адам коронавирус жұқтыруы мүмкін. Соңғы 4 күнде ковидке шалдыққандардың күн сайынғы көрсеткіші 11 мыңнан асып тұр. Жексенбіден бері Таиланд астанасы мен 12 провинциясында шектеу шаралары күшейтіліп, бұл жерлерге қатынайтын ұшақ рейстері тоқтатылды.

Ал, Вьетнамның 16 провинциясында коронавирустың өршуіне байланысты қозғалысқа шектеу қойылды. Шектеу шаралары ел астанасы Ханой мен өзге де провинцияларға енгізілмек. Елдің қауіпті індет көп тараған оңтүстік өңірінде ұшақ қатынасы тамыздың біріне дейін тоқтады.

Жапонияда ковид жұқтырғандар саны көбейді. 32-ші Жазғы Олимпиада өтетін Токиода енгізілген төтенше жағдай тамыздың 22-не дейін жалғасады. Олимпиадаға көрермендер жіберілмесе де, ойындар өтетін нысандарда ковидке қарсы дезифнекциялау шаралары жүргізіліп жатыр. Соңғы деректерге сай, Олимпиада ауылында екі спортшыдан коронавирус анықталған. Олар басқа атлеттерден оқшауландырылды.))

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу