Қасым хан туралы фильмнің түсірілімі аяқталуға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым хан туралы фильмнің түсірілімі аяқталуға жақын

16.07.2021

Көпшілік асыға күтіп отырған «Ұлы дала таңы» фильмінің түсірілімі аяқталуға жақын. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай таспаланып жатқан туындыда Қасым ханның өмірі, хандық билігі мен Қазақ хандығының гүлденіп, нығаюы жолындағы күресі баяндалады. Тарихи шығарманың соңғы кадрларын әріптесім Қуан Нұрақын көріп қайтты.

Бұл кадрлар Қасым сұлтанды ақ киізге отырғызып, хан көтерген сәт. Ақпан айында басталған түсіру жұмыстары еш дамылсыз жалғасуда. Тек ауа-райының қолайсыздығына байланысты арасында уақытша тоқтатуға тура келеді.

Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР Халық әртісі:
Фильмнің соңына қарай таң атып келе жатқанын, күннің көтерілгенін түсіруіміз керек қой. Бір уақытта күн көтеріле берген сәтте бетін бұл торлады да қойды. Бізге ары қарай күн көтеріліп кетуі керек еді. Фильмнің өзі «Ұла дала таңы» деп аталады ғой. Қайтадан түсіретін болдық.

Басында телехикаия ретінде түсіріледі деген туынды, кейін көркем фильм болып өзгертілді. Десе де уақыттың тапшылығына қарамастан тарихи оқиғалар тізбегін бұзбай, рет-ретімен беруге тырыстық дейді шығарманың ғылыми кеңесшісі Берекет Кәрібаев.

Берекет Кәрібаев, тарих ғылымдарының докторы:
Қасым хан туралы барлық деректердің басын қоса отырып, деректерден шықпай Қасым ханның бейнесін жасауға тырыстық. Менің ойымша, бұл нағыз тарихи фактіге негізделген көркем шығарма.

Жас Қасым ханды Данияр Оразаев ойнаса, талантты актер Берік Айтжанов ханның кемелденген кезін сомдайды. Мемлекеттің қолдауымен атқарылып жатқан жобадан ел ағалары да үлкен үміт күтіп отыр.

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның еңбек ері:
Қасым хан киносы түсіріліп бітіп қалды. Мұндағы актерлардың құрамы барлығы жақсы деп ойлаймын. Жақсы фильм шығатындай мүмкіндік бар. Солай болса екен деп тілеймін.

Алматы облысының Алғабас ауылында түсіріліп жатқан фильм екі-үш күнде «Түркістан» декорациясында жалғады. Туындыны таспалау шілде айының соңында толық аяқталып, тамыз айында монтаж жұмыстары басталмақ. Ал фильмнің тұсаукесері Тәуелсіздік күніне орай өтеді деп жоспарланған.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу