Германияда алапат тасқыннан қаза тапқандар саны 81-ге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Германияда алапат тасқыннан қаза тапқандар саны 81-ге жетті

16.07.2021

Еуропаның бірнеше елінде үздіксіз жауған нөсер соңы топан суға ұласты. Германияда екі ғасырдағы алапат тасқыннан қаза тапқандар саны 81-ге жеткен. Мыңнан астам тұрғын із-түссіз жоғалып кетті. Рекордты мөлшерде жауған нөсерден өзендер арнасынан асып, тұрғын үйлерді басты. 700 адам тұратын бір ауыл жермен-жексен болған. Тағы бірнеше баспана құлау алдында тұр. 200 мыңдай отбасы электр жарығынсыз қалған. Бұған қоса, апатты аймақтарда тонау оқиғалары жиілеген. Тасқыннан жапа шеккендерді іздеу-құтқару операцияларына 15 мың сарбаз, полиция және төтенше жағдай қызметкері жұмылдырылды.

Ал, Бельгияда 12 адам тасқын құрбаны болды. Елдің Льеж, Вервье және Спа қалаларында жергілікті билік төтенше жағдай жариялаған. Тасқын кезінде 10 шақты тұрғын үй құлады. Жағалау тұрғындарына су деңгейі 1,5 метрге дейін көтерілуі мүмкін екені және қауіпсіз жерге бару қажеттігі ескертілді.

Түркияның Қара теңіз жағалауындағы Риза қаласында тасқын мен селден 6 адам қаза тапты. Құтқарушылар тағы екі тұрғынды іздестіріп жатыр. Табиғи апат кезінде жолдар жабылып, бірнеше үй құлаған. Төтенше жағдай болған жерде іздеу-құтқару топтары жұмыс істеп жатыр. 

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу