Елімізде міндетті вакцина алу мерзімі бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде міндетті вакцина алу мерзімі бекітілді

15.07.2021

Енді екпе қабылдамаған азаматтар 7 күн сайын ПТР-тест тапсыруға міндетті. Еліміздің бас санитарлық дәрігері жаңа қаулысында осылай деді. Вакцина алудан және ПТР-тест тапсырудан мүлдем бас тартқан тұлғалар дистанционды жұмыс режиміне көшірілмек.

Ерланқиясов жаңа қаулыда Қазақстандағы міндетті вакцинацияның жаңа мерзімін де атап өтті. Қауылға сәйкес, ел тұрғындары осы жылдың 10 тамызына дейін екпенің бірінші компонентін, 1 қыркүйекке дейін екінші дозасын толықтай қабылдаулары тиіс.

Ержан Байтана, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:
Енді ҚР азаматтары, соныменқатар, ҚР уақытша тұруға рұқсаты бар азаматтар, егер олар қолдарында вакцинациялау паспорты жоқ болған жағдайда, қолында ПТР-тест анықтамасы жоқ болған жағдайда Қазақстанға келген уақытта, олар 3 күндік карантинге жіберіледі. Карантин кезінде олардан біз ПТР анализін аламыз. ПТР нәтижесі теріс шыққан жағдайда олар үйлерін карантиннен жіберіледі.

Ал елге екпесіз келген шетел азаматтарының қолдарында ПТР-тест нәтижесі болуы тиіс. Оның өзінде уақыты 72 сағаттан аспауы керек. Мұндай анықтамалары жоқ шетелдік қонақтарға, өкінішке қарай қонақжайлық көрсетілмейді. Қайтадан кері қайтарылады.

Ержан Байтана, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:
Көптеген мемлекеттерде вакцина жеткіліксіз. Біздің Қазақстанда таңдау үлкен. Бірақ соңғы уақытта бізде вакцинаға қарсы бір күштер бар, халықты соған шақырып, фейк ақпараттар таратып, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратып жүр. Ол мәліметтерді біз дәлелдеп, ақпараттарды таратып, күресіп жатырмыз.

Елімізде соңғы есеп бойынша 4 млн 705 мың 675 адам екпенің бірінші дозасын қабылдаған. Ал, вакцинаның екінші компонентін алып, толық курсты 2 млн 597 мың 505 адам өтті. Жалпы 10 млнға жуық қазақстандық екпе алады деп жоспарланған.

Бауыржан Бөгенбай

Хабарламаларға жазылу