Шығыстанушы, ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі дүниеден өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыстанушы, ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі дүниеден өтті

15.07.2021

Бүгін қазақ руханияты үшін қаралы күн. Белгілі дінтанушы, әдебиет зерттеушісі, шығыстанушы, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының бұрынғы төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлі 75 жасына қараған шағында дүниеден өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі ғалым, қоғам қайраткері Әбсаттар Дербісәлінің өмірден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта көрнекті дінтанушының Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы қызметін атқарған кезде мүфтият жұмысын жаңа деңгейге көтеруге, елімізде дінаралық татулық пен ұлтаралық келісімнің нығаюына зор үлес қосқаны айтылған. Нұрсұлтан Назарбаев Әбсаттар Дербісәлінің ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталатынына сенім білдірді.

Қайраткер тұлға қатардағы ғылыми қызметкерден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орталық Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы және ҚР Бас мүфтиі дәрежесіне дейін көтерілді. Елімізде арабтану ғылымының негізін қалады. Арабистика саласы бойынша тұңғыш ғылым докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі атанды. Әрі Әбсаттар қажы Дербісәлі араб тілі мен әдебиеті және қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ежелгі кезеңдері, сондай-ақ Қазақстанның шетелдік Шығыстағы мұсылман елдерімен рухани байланысы туралы 400-ден астам теориялық және практикалық еңбектер жазған.

Кенжехан Матыжанов, филология ғылымдарының докторы:
Кеңес дәуірі кезеңінде Ислам мәдениетін ұмыта бастаған кезеңде, іргемізді ажырата бастаған кезде сол Ислам мәдениетінің қайтадан орнығуына ерекше әсер еткен тұлғаның біреуі болатын. Шығыстану ғылымын Қазақстанға әкеліп орнықтырған және оны арабтық шығыстануменен байланыстырған үлкен тұлға.
Серік Жұмабек

Хабарламаларға жазылу