Ақмола облысы, Қорғалжын ауданына қарасты Өркендеу ауылында жер дауы ушығып тұр. Тұрғындар жайылымдық жердің жаппай егістікке айналуына қарсы. Айтуларынша ауыл маңындағы жерлердің біразы жеке меншікке өтіп кеткен. Салдарынан төрт түліктің өрісі тарылып, малды қолда бағуға мәжбүр. Толығырақ өңірдегі жағдаймен танысып қайтқан тілшіміз тарқатсын.
Серік Жұмабек, тілші:
Өркендеу ауылының өрісі тарылып, жайылымдық жері азайып барады. Оған басты себеп ауыл іргесіндегі жерлердің жаппай жыртылуы. Айталық елді мекеннен 6 шақырым қашықтықтағы мына 100 гектар жерді жырту жұмыстары қазірше тоқтап тұр. Халық егістік жерлердің барлығын жайылымдық жерге ауыстыру керек деген нақты талап қойып отыр.
Онсызда қуаңшылық жайлаған өңірде жайылымдық жердің тарылуы ауыл тұрғындарын әбден әбігерге салған. Егінге түссе малы қамалады, одан қалса айыппұл салынады.
Ардақ Кенжекеев, Өркендеу ауылының тұрғыны:
Біздің бірінші сұрағамыз бұрындары өкіметке өтіп кеткен жерімізді қайтарса екен дейміз. Екінші сұрағымыз халық әкімді өзі сайласа екен, үшінші сұрағымыз маңайдағы жыртып жатқан жерлерді тоқтатса екен дейміз.
Халықтың арызын тыңдаған аудан әкімі жер алу үшін, алдымен ауылдағы мал басының санын нақтылау қажеттігін айтты. Өйткені, өкімет аз малға көп жерді бермейтін көрінеді. Яғни, қанша жерің болса, сонша малың болу керек!
Берік Амантайұлы, Қорғалжын ауданының әкімі:
Құрметті ағайындар жер мәселесін ең бірінші шешу үшін сіздер малдарыңызды тіркетіңіздер! Бірақ, 582 бас пен 300 бас сиырға 9000 гектар жер деген өте көп. Сондықтан біз буынсыз жерден пышақ салмауымыз керек, ойбай жер жоқ, жер жоқ деп.
Тексере келе ауыл маңындағы жеке меншікке өткен жерлердің барлығы заңды екені дәлелденді. Сонымен қатар, ішінара егістік жерлерді ауылдан алыс маңға ауыстыру туралы да шешім қабылданды.
Нұрсұлтан Маратұлы, Қорғалжын ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Өркендеудің аумағы 6500 гертар болған, қазіргі уақытта 9 мың гертарға жетті. Халықтың санағына шаққанда ол сәйкес келіп тұр және көп болып тұр. Сонымен қоса 500 гектар жерді халыққа сақтап ұстап отырмыз.
Тұрғындар ауылға іргелес жатқан 542 мың гектар аумақты қамтитын Қорғалжын қорығында мал жаю мен шөп шабу мәселесін де көтерді. Деседе, қорық аумағына кіруге, мал жаюға рұқсат жоқ. Бірақ...
Берік Амантайұлы, Қорғалжын ауданының әкімі:
Міне біз қорықтың жанынан шөп шабуға рұқсат алып беріп отырмыз. Шекараны көрсетеді, сосын өздеріңіз ақылдасып жылдам шауып алу керек те тып-тыныш отыра қалу керек.
Екі жарым сағатқа созылған жиналыс қортындысы бойынша игерілмеген жерлердің барлығы қайта заңдастырылып, халыққа үлестірілетін болды. Ал, ауыл тұрғындары бірігіп жеке бірлестік құру туралы ымыраға келді.
Серік Жұмабек