Маңғыстау облысында вакцинация бойынша түсіндіру жұмыстары ширап келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында вакцинация бойынша түсіндіру жұмыстары ширап келеді

14.07.2021

Маңғыстау облысында вакцинация бойынша түсіндіру жұмыстары ширап келеді. Бүгін білікті эпидемиолог мамандар аймақтағы ірі кәсіпорындарды аралып, еңбек ұжымдарымен кездесуді бастады. Айта кету керек, қазір облыс екпе алушылар саны бойынша елімізде соңғы қатарда тұр.

Дәрігерлер ат басын тіреген ұжымдардың бірі – Ақтау атом энергетикалық комбинаты. Мұндағы 4 мыңға жуық адамның тек мыңнан астамы қазір екпе алған. Індетті еңсеруге бет бұрған кәсіпорын өкілдері санаулы күнде вакцина алғандар қатарын еселейміз деп отыр.

Шаңытбай Есенғалиев, кәсіпорын қызметкері:
Мамандар барлығын түсінікті қылып жеткізіп жатыр. Әдет-ғұрыпқа байланысты шараларды тыйып тастамаса да мүмкіндігінше азайту керек деп ойлаймын. Солай түсінемін. Сонда ғана жеңеміз. Бірден бір қадам осы вакцина деп түсінемін.

Білікті мамандар алдағы күндері тағы бірқатар кәсіпорында болады. Түсіндірме жұмыстарын ширату аса маңызды дейді олар. Себебі ауру өршіп тұрған тұста адамдарға вакцина туралы кеңінен мағлұмат беру қажет. Ал екпе алғандар тек өздерін ғана емес, өзгелерді де індеттен сақтайды алады.

Айнагүл Қуатбаева, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма басшысының міндетін атқарушы:
Өте орынды, дұрыс сұрақтар қойылып жатыр. Сұрақтар ізденістің, сұраныстың нәтижесінде. Тек қана вакцина арқылы ғана осы індетпен күресе алатынымыз туралы әңгіме, сұхбат жасауымыз қажет.

Қазір облыста вакцинаның төрт түрі бар. Препарат жеткілікті. 50-ден астам егу пункті жұмыс істейді. Аймақта 83 мыңға жуық адам екпенің 1-компонентін, 2-компонентін 42 мыңнан астам адам салдырды.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу