Стоматологиялық қызмет неге МӘМС жүйесі аясында төленбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Стоматологиялық қызмет неге МӘМС жүйесі аясында төленбейді

13.07.2021

Тіс емдеу ақысы неге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында төленбейді?!. Қымбатшылықтан қажыған халық соңғы уақытта әлеуметтік желіде осы сұрақты жиі көтеріп жүр. Бұл шағымның да жөні бар. Өйткені, стоматология қызметінің құны шарықтап тұр. Айта кетейік, Қазақстандықтардың шамамен 70 пайыздайы түрлі тіс ауруларынан зардап шегеді екен.

Гүлбану Мұқашева жарты жылдан бері тісін емдетіп жүр. Имплант салдырғысы келеді. Есептетіп көрген еді. Бірнеше тістің ем-домына шамамен 1 млн теңге қажет екен.

Гүлбану Мұқашева, Ақмола облысы Шортанды ауданының тұрғыны:
Біздің қорымызда әлі күнге дейін жұмыс істеп жатсақ та, 5 млн-дық қор жиналған жоқ. Зейнетақы қорымыз бұған жетпейді. Екінші мәселе, әлеуметтік мемлекеттік сақтандыру арқылы неге пайдаланбасқа. Имплант әлеуметтік мемлекеттік сақтандыру аясында жүзеге асатын болса көп адамға қолжетімді болар еді.

Елдегі ересектердің 70 пайыздайы түрлі тіс ауруларына шалдыққан. Бұл проблема әсіресе, маман жетіспейтін шалғай ауылдарда өзекті. Тіс ауруларына ат үсті қарап, ауыз қуысына мән бермейтіндер де баршылық, басым бөлігі үшін қызметтің қымбаттығы қолбайлау.

Стоматология саласының 78 пайызы жеке меншіктің қолында. Шикізат пен қажетті құралдар шетелден келеді, соңғы бес жылда қызмет құны үш есе қымбаттаған, - дейді стоматологтар. Орта есеппен бір тісті емдеу 10 мен 30 мың аралығы болса, тіс жұлу 20 мыңға дейін барады. Ал қаптама тіс салу – 25 мың, имплант 100 мыңнан асады.

Бауыржан Біләлұлы, стоматолог:
Екі адамның біреуінде ауыз қуысының проблемасы бар. Кез келген жүрек болсын, өкпе болсын, бауыр болсын, ауыз қуысын сауықтырмай адам ағзасындағы үрлі созылмалы аурудың өршуі қабынуы тіске байланысты. Егер ауыз қуысын сауықтыратын болсақ, онда көп денсаулық сақтау мәселесін шеше аламыз.

Бізде 18-ге толмағандар, жүкті әйелдер, мүгедектер, зейнеткерлер, көпбалалы аналар мен ардагерлер және атаулы әлеуметтік көмек алушылар шұғыл жағдайда ғана тісін тегін емдете алады. Мұның өзі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы. Халықтың өзге санатына мемлекет тарапынан жеңілдік қарастырылған ба?

Назым Бектұрғанова, ҚР ДСМ штаттан тыс бас стоматологы:
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тіс емдету мәселесін алдағы уақытта қарастыруымыз мүмкін. Дәл қазіргі уақытта халық өзінің зейнетақы қорындағы ақшасын жұмсай алатын мүмкіндік бар. Біз қазір профилактикалық шаралар мемлекет есебінен төленуі тиіс деген мәселені көтеріп отырмыз. Ал тісті тегін емдеуді мемлекет мойнына ала алмайды. Мұндай тәжірибе бірде бір елде жоқ. Өйткені қызметі қымбат. Ал елге бұл экономикалық тұрғыдан үлкен салмақ.

Шетел демекші Украинада 6 тісі бар зейнеткерлерге имплант тегін салынады. Жапонияда «Тіс саулығы-ұлт саулығы» деген ұзақ мерзімді бағдарламаның арқасында қариялардың да тісі сау. Германияда тісті жылына екі рет тегін тексереді. Уақтылы, алдын ала қаралғандарға бонус беріліп, тіс емдеу шаралары тегін жүргізіледі. Ал денсаулығы сақтандырылған немістер үшін тіс жұлу, емдеу, тазалау тегін. Бұл жеңілдік АҚШ-та да қарастырылған.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Міндетті медициналық сақтандыру қоры жұмыс істей бастағалы бері 15 млн 900 мың адам ай сайын бұл қорға тұрақты түрде жарна аударып отыр. Биыл І тоқсанда қорға 183 млрд теңге түскен. Бірақ халық оның игілігін көріп отыр ма? Қаралғысы келгенімен дәрігерді апталап айлап күтеді. Шыдамы таусылған халық, ақыры ақылы емханаға барады. Қайсысы тегін, қайсысы ақылы, адамдар әбден шатасты. Ең болмағанада халыққа ең қажетті қызмет тіс емдеу саласы неге МӘМС аясында төленбейді. Сұрақ көп. Министрліктен қанағаттанарлық жауап жоқ.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу