Қызылордада жаңа мектепті ескі құрылыс материалдарынан салып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада жаңа мектепті ескі құрылыс материалдарынан салып жатыр

13.07.2021

Қызылордадағы Сабалақ саяжайының тұрғындары жаңадан салынып жатқан мектептің құрылысына көңілі толмайды. Білім ордасының ғимаратын көтеруге ескі құрылыс материалдары пайдаланылып жатыр дейді олар.

Бір топ белсенді түсіріп алған мына бейнежазба қоғам арасында қызу талқыға түсуде. Шұрық тесік бетон жабындыларымен салынып жатқан мектептің сапасы күмән туғызары анық. Қала іргесінде үш мыңнан астам халқы бар ауданда бірде-бір білім ордасы жоқ. Мұндағы 700-дей бала қаншама жылдан бері шаһарға қатынап оқып келеді. Биыл мектептің іргесі қаланғанына қуанған жұрттың көңілі, сапасыз құрылыс жұмыстарын көріп су сепкендей басылды. Енді белсенді тұрғындар кәсіпкердің үстінен құзырлы органдарға шағымданбақшы. 

Аталған нысан бойынша салаға жауапты құзырлы органдар түсінік беруден бас тартты. Ал әкімдіктегілер бұл құрылыс мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізде салынып жатқан жоқ деп қысқа қайырды. Ұлттық арнаға шағымданған тұрғындардың мәселесі алдағы уақытта да біздің назарымызда болады. 

Әділбек Серікұлы 


Хабарламаларға жазылу