Ауыл әкімдерінің сайлауы: Бір орынға 6 адам үміткер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл әкімдерінің сайлауы: Бір орынға 6 адам үміткер

12.07.2021

Әкім болуға әркімнің таласы бар. Павлодар облысының кей ауылдық оругтерінде бір орынға 6 кандидаттан келеді. Өңірдегі сайлау өтетін 44 ауылға 168 үміткер тіркелген. Олардың 65 пайызы әйелдер. Айта кету керек, ауыл әкімдерін жұмысқа ынталандыру мақсатында қолданылған серпінді жоба республикада алдымен осы аймақта іске асты.

Павлодар өңірінде 400 мың теңгеден кем айлық алатын әкім жоқ. Ауыл әкімдерінің жалақы мөлшерін біліп алған мұғалімнен бастап, зейнет жасындағы полицей, мал дәрігері мен зоттехник, құрылысшы бәрі-бәрі сайлауға түспек. Кейбір округтерде бір орынға 6 үміткер. Солардың арасынан мықты менеджерді , істің ыңғайын білетін қабілетті адамды таңдау керек. Әйтпегенде, бүкіл ауыл зардап шегеді.

Сансызбай Төлеубаев, Екібастұз қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:
Қазіргі әкімдер 4-ші бюджетпен жұмыс атқарады, оны білу керек. Олардың өзі былайша айтқанда қаржыгер, өзі заңгер болуы керек. Су жүйесін тартты, жол істеп жатыр. Ол өзі құрылысшы да болуы керек.

Демек, айлық өскен соң талап та күшейген. Додаға түскендер көптің дауысын жиып, лауазым иесі атанудан бұрын осы міндеттерді ескеруі тиіс -дейді Жамбыл Түсіпбеков. 41 жыл мемлекеттік қызметте болған ол Қалқаман, Ақжол ауылдарының бірітірілген кезде басшы боп тағайындалып, сол жерден зейнет демалысына шықты.

Жамбыл Түсіпбеков, еңбек ардагері:
Туысшылдық, сосын бір ұжым алып өзімізге ыңғайлы адамды дайындап алу деген негізі жауапкершілік керек қой, ондайды өткізуге болмайды. Әкім боламын деген адам негізі өзіне-өзі сенімді болуы керек. Ол халықпен жұмыс істей алады ма?,жоқ па? Ол істей алмайтын болса жай ғана атақ үшін барып ол жерге керегі жоқ.

Мансап қуып міндетін атқармай 1 ақ күн әкім болып қызметтен кеткендер де бар. Биыл мамыр айында Успенка ауданы, Қоңырөзек ауылына жергілікті депутаттар бір ауыздан басшы етіп сайлаған кәсіпкер небары бір тәуліктен кейін, көпшілік сенімін тәрк етіп, қалаға қайта кеткен.

Валентина Курсакова, Успенка ауданы әкімі аппаратының басшысы:
Үлкен ауылдық округ әкімсіз қалды. Бүгінгі күнге дейін ол лауазымды уақытша бас маман атқарып келеді. Жұмысқа өте кедергі келтірді. Неге сайланды, неліктен кеткенін түсіндірген жоқ. Жұмыстан босатуға өтініш жазып кете барды.

Қазір ел бойынша кандидаттарды тіркеу аяқталды. Енді бірер күнде сайлауалды үгіт-насихат басталады. Қоңырөзек жұрты осы жолғы саяси науқанның арқасында елдімекенге жаны ашитын іскер жанның табылатынына сенімді. Ал моноқала Екібастұз тұрғындары біркездері сенімге селкеу түсірген атқамінерлердің ел үмітін ақтау үшін қайта еңбек етуіне келісім берген.

Болат Аманбаев, тілші:
Жұртшылық пікірі ескеріліп бұрын тәртіптік жазаға тартылған Екібастұз қаласына қарасты 5 ауылдың әкіміне сайлауға қатысуға рұқсат берілді. Яғни, халық басшылардың ауылды өркендетуге қосқан бұған дейінгі еңбегін ескеріп, тағы бір мүмкіндік беруді сұрап Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне дейін өтініш жолдаған.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу