Елордадағы қоғамдық көлік проблемасы қашан шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы қоғамдық көлік проблемасы қашан шешіледі

11.07.2021

Пандемия басталғалы қоғамдық көліктің проблемасы тіпті тереңдеп кетті. Адамдар сығылысып тұрмауы үшін жиілігін арттыру керектігі өз-өзінен түсінікті деп ойлаймыз ғой, ал шын мәнінде 40-45 минутқа дейін күтетін автобустарда бір-бірін құшақтаған адамдар. Нұр-Сұлтанда да негізгі қоғамдық көлік – автобус.

Пандемияға дейін жұмыс күндері күніне 700 мыңнан астам адам таситын. Бағасы туралы әңгіме бөлек, жаңа автобустар сатып алынып, арнайы автобус жолағы енгізілген – әйтеуір қоғамдық көлікті жақсартуға тырысатындарын көрсеткісі келетін.

Бірақ «Жемқорлыққа ескерткіш» деген айдар таққан жеңіл рельсті көлік – LRT көзге шыққан сүйелдей. Несие бойынша алған халықаралық міндеттемелер бар, жобаны тоқтата алмайды, жақында молда шақырып, құрбан шалып, қайта бастапты. Бірақ қарқынды жүргізетін қаржы таппаған...

Бұл жоба іске асты дегеннің өзінде қоғамдық көлік мәселесін шешпейді – себебі тіршілік қайнаған аймақта жүрмейді. Президенттің күмәнді жоба деп зілмен айтқаны содан...

Астана күніне орай тек шаттыққа толы сюжет беру міндет емес, Амангелді Сейітханның материалы.

Амангелді Сейтхан, тілші: 
Бүгін жексенбі. Аялдамалар бос. Қоғамдық көліктер жүрмейді. Демалыс күні автобустар жолға шықпағалы бір жылдай болды. Вирус көп таралмауы үшін осылай қабылданған. Өйткені, жексенбіде автобуспен жүретіндер көп. Бірақ, адам аз деген жұмыс күндерінің өзінде санитарлық талаптар қаншалықты сақталып жатыр?

Мәселе тек маскада ма? Бетперде тақсаң, автобуста карантин талабы толық сақтала ма?

Сонда ақшаңды алып тұрып, амалсыз мінуге мәжбүр ету қылмыс деп тым кетпейік, бірақ белден басу ғой?!

 Мәди Сарбасов, «CTS» компаниясының көлік үйлестіру департаменті директорының орынбасары: 
Мұндай оқиға негізі қарбалас шақта ғана болады ғой. Қазір оны шешудің жолдарын қарастырып жатырмыз.

Дәл осындай шағымдарға дәл осындай жауаптарды үнемі естиміз. Бірақ, нәтиже бар ма?

Манарбек Құлмұхан, «CTS» компаниясының көлік үйлестіру департаментінің бас маманы: 
 Соңғы 6 жылдың ішінде жаңа 860 автобус сатылып алынып, пайдалануға енгізілді. Соның 500-ден астамы отандық көліктер. Жаңа автобустар барлық Еуропалық стандарттарға сәйкес келеді.

Яғни, жауаптылар жаңартып-ақ жатырмыз,-дейді. Мысалы, қазір Елордада 1000-нан астам автобус бар. Әр көлікті кемі 14 жыл пайдалануға болады. Ресми ақпарға сенсек, шаһарда мерзімі өткен көлік жоқ. Бірақ...

 Манарбек Құлмұхан, «CTS» компаниясының көлік үйлестіру департаментінің бас маманы: 
Бұл автобустардың жұмыс кезеңі әлі 14 жылға жетпеген. Және де жолаушылар кондиционер жоқ дейді. Иә, ол автобустар да кондицинер жоқ. Себебі, құрастырушы компания жабдықтамаса, оған қосымша жабдықтау мүмкін емес.

 Қосалқы бөлшектер - қосымша мәселе. Ал, қоғамдық көлік кестеде жазылған уақытта келуге міндетті. Ол қаншалықты орындалып жатыр?

Көпшілік автобустың қай жерде келе жатқанын көрсететін мобильді қосымшалар да жиі алдайтынын айтады.

Қалада бүгінде 6 автобус паркі бар. Ең үлкені 1-ші парк. Қоғамдық көліктердің 65 пайызы осы паркке тиесілі. Коммуналдық мекеме болғандықтан бюджеттен де қолдауы бар. Ал, қалған парктер жолаушылар қаржысына тәуелді. Сондықтан, олардың көліктерді жаңарту, көбейту жоспарына пандемия де кедергі келтіріпті.

Мәди Сарбасов, «CTS» компаниясының көлік үйлестіру департаменті директорының орынбасары: 
Карантинде автобусқа мінетіндер азайды. Мысалы, бұрын күніне 750 мың адам тасысақ, қазір 500 мыңдай ғана. Оның үстіне, жексенбі күні автобустар жолға шықпағасын тасымалдаушылар 40 пайыз табысынан қағылып отыр.

Көліктердің кешігуінің тағы бір себебі - жиі бұзылады. Ал, істен шыққанының қайта жолға шығуын өзіміз де жолаушыдан кем күтпейміз,-деп ақтарылды парк өкілі.

 Асхат Сатыбаев, №1 автобус паркі техникалық бөлім бастығының міндетін атқарушы: 
Материал бөлшектер қазіргі таңда өте қиындап кетті, неге десеңіз  мемлекеттік сатып алу дейтін жүйе бар. Сол арқылы ғана біз ала аламыз мысалы. Ол конкурс тендер өткенше, сосын келісімшарт бекітілгенше, бізге келгенше біраз уақыт кетеді. Сондықтан, қазір кейбір де автобустар сол бөлшектерді күтіп тұрып қалатын жағдайлары бар.
Мәди Сарбасов, «CTS» компаниясының көлік үйлестіру департаменті директорының орынбасары: 
Қазір шыны керек, автобус жетіспейді. Жол қатынасын реттеуге кемі 100 көлік керек. Соңғы 5 жылда талапқа сай болмағасын 400 автобусты алып тастадық. Енді солардың орнын толтыру қажет.

Автобустар жетпегесін, жолда жүргендері халықты тезірек жеткізуге тырысатын сынды...

Міне, жүргізушілердің осындай әрекетіне наразылық па екен...

Яғни, жолаушы билетті құжат деп сезбесе, ал, жол қатынасына жауаптылар сол құжатқа жауапкершілік сезінбесе, қоғамдық көлік жыры бітпейтын сияқты. Ал, жақында Елордадағы LRT құрылысы қайта жанданды. Бірақ, жұмысты аяқтау үшін 1 миллиард доллар қажет. Қазір конкурстық рәсімдер жасалып, несие беретін банк таңдалып жатыр. Оның алдында қой сойып, құрбан шалынған...

Осыдан кейін жұртшылық «LRT бұдан кейін де салынбаса, кінәлі бола ма», - деп молдекеңнің суретіне нұсқап, ащы әзілдеп жатты...

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу