Еліміздің үш өңірінде вакцинация паспортын сатқандар ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің үш өңірінде вакцинация паспортын сатқандар ұсталды

09.07.2021

Еліміздің үш өңірінде вакцинация паспортын сатқандар ұсталды. Олар екпе алмаған адамдарға құжат рәсімдеп, препаратты жойып отырған. Науқан қызған тұста көзбояушылыққа жол бермеу үшін емханаларға бейнекамералар орнатылып жатыр. Ал жеңіл жолмен ақша тапқысы келгендер қатаң жауапқа тартылады.

Павлодарда Ресейге өту үшін жалған ПТР-тест қолданған ер адам ұсталды. Енді ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Шаһарда ауруханалар мен пункттерге бейнекамералар орнатылды. Осы арқылы жалған вакцинация паспортын жасаудың жолы кесілмек. Айта кету керек, соңғы тәулікте аймақта 6 мың адам екпе салдырды.

Эльмира Темірғалиева, Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі:
Бұл бейнебақылауды кез келген адам көре алмайды. Бұл жағдай тіркелген болса бас дәрігер жұмыстан босатылады. Медициналық мекемеге айыппұл салынады.

Шымкентте де екпе кабинеттеріне бейнебақылау қондырғылары орнатылды. Қазір қалада эпидхуал күрделініп барады. Өткен тәулікте 210 адам вирус жұқтырды. Аса қатерлі саналатын «Дельта» штамы да өршіп тұр. Дәрігерлер жағдайды ушықтырмас үшін екпе салдыруды жеделдету қажет деп отыр.

Бекен Сырбек, жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері:
Қашанда вирус ауруының жалғыз емі вакцина болған. Вакцинасыз жеңу қиын болады бұл ауруды. Неғұрлым ерте салса соғұрлым үйдегі ата-әжелерімізді сақтап қалуымыз мүмкін.

Науқан кезінде вакцинация паспортын қолдан жасау фактілері де жиілеп барады. Кеше үш өңірде құжат сатқандар ұсталды. Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Алматы облыстарында медицина қызметкерлері жалған паспорт рәсімдеп, препаратты құртып отырған.

Данияр Бекайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі:
Қанша паспорт жалған жасалғандығы анықталады. Тергеу жұмыстары жүргізіледі. Екі күнде, жаңа ғана тіркелген іс, ол бойынша тергеу нәтижесі бойынша сотқа жолданғаннан кейін сот шешім қабылдайтын болады.

Ішкі істер органдарында вакцинация паспортын жасау бойынша осыған дейін 4 қылмыстық іс қозғалған. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Агенттік өкілдері мұндай әрекеттер тұтастай қоғамның денсаулығына қауіп төндіріп отыр дейді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу