Павлодарда 800 үйдің жертөлесі су астында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда 800 үйдің жертөлесі су астында қалды

09.07.2021

Павлодарда жер асты суы көтеріліп 800 ге жуық жеке меншік үй судың ортасында қалды. Себебі, осы аумақта құрылысы 5 жыл бұрын басталған кәріз жүйесі әлі күнге дейін іске қосылмаған. Кесірінен жүздеген үйдің жертөлесін су басты. Мәселенің жуық арада шешілетін түрі жоқ. Себебі осы аралықта шаһарда бірнеше әкім ауысып, ұзаққа созылған жобаның техникалық құжаты жоғалып кеткен. Болат Аманбаевтың бейнематериалы.

Бұл ағаштар енді отынға ғана жарайды. Моншасыз күнелтерміз. Ал, үй құласа қайтемін-дейді 4 баланың анасы Әсемгүл Болатова. Себебі, жертөлеге толған су баспананың іргетасын шая бастаған.

Әсемгүл Болатова, қала тұрғыны:
2 рет сорғыздық. Сол қалпы қайрадан толып алады. Қайдан келіп отырғаны белгісіз. Сасығы ендігі бізді шаршатты.

Қаланың 2-ші Павлодар деп аталатын бөлігіндегі 15 көшені бойлай салынған 800-ге тарта үйде осы көрініс. Бұл аумақта су ағар мен кәріз жүйесі 5 жыл бұрын тартыла бастады. Құрылысқа бюджеттен 500 млн.теңге бөлінді. Бірақ тұрғындар орталық магистральге қосыла алмайды. Себебі, кәріз құдықтары суға толып тұр.

Майра Қожанова, қала тұрғыны:
Қаншама ақшаны олар жерге көміп тастады. Орталық трассаны өткізді, құбырларын өткізді, құдықтарын бәрін өткізді. Бірақ ол жұмыс жасамайды. Біз әкімшілікке жүгіндік, одан бізге көмек жоқ.

Сапасыз құрылыс қалайша қабылданған? Кім жауапты? Орталық кәріз желісіне қанша абонент қосыла алады? Бұл сұраққа ешкім жауап бере алмайды. Себебі, әкімдіктегілер жоғалып кеткен жобаның техникалық құжаттарын іздеп жатыр. Мәселені «Нұр Отан» партиясы жанынан құрылған арнайы штаб бақылауына алды.

Күзгі жауындар басталса кәріз желісі мүлдем бітеледі. Былтыр дәл солай болып, әкімшілік ерте көктемнен жұмысқа кірісетін болған. Шілде келсе де қарекет қылған ешкім жоқ деп налиды тұрғындар.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу