Петропавлда салынып жатқан қазақ театрының құрылысы тоқтап тұр. Ауданы 13 мың шаршы метрге жуық ғимаратты салуға бюджеттен 3 млрд 50 млн теңге қаражат бөлінген. Мәселенің мән-жайын әріптесім Эльмира Кәленова баяндайды.
Құрылыс алаңында мүлгіген тыныштық. Күзетшілерден басқа ешкімнің қарасы көрінбейді. Жұмыс бірнеше айдан бері тоқтап тұр.
Эльмира Кәленова, тілші:500 орындық театр. Мына жерде сахна болуы тиіс. Алғашқы жоспарға сай мәдениет ордасы 2020 жылы халық игілігіне берілуі тиіс еді. Құрылыс мерзімі осымен үшінші рет шегерілмек.
Ғимараттың алғашқы қазығы 2018 жылы қағылған болатын. Бірінші рет әкімдік бас мердігермен келісімшартты бұзбақ болып құрылыс тұралап қалды. Кейін тапсырыс беруші шешімін өзгертіп, «DBK-Engenering» компаниясы қайта іске кіріскен. Бірақ көп ұзамай жұмыс тағы тоқтады.
Ерлан Омарханов, құрылыс алаңының басшысы:Шатырдың жобасы кемшіліктері болуына себепті, дизайны өзгеруіне байланысты, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты биылғы жылдың қаңтар айының аяғынан бастап, тоқтап тұрмыз.
Облыстық әкімдік өкілдері де ғимарат жобасының түзетуге жіберілгенін жасырмады. Құжат мақұлданса, құрылысқа қосымша 500 млн теңге бөлінбек.
Қызылжарда қазір жұмыс істеп тұрған қазақ театры 2000 жылы ашылған болатын. Оған дейін энергетиктер сарайы саналған шағын ғана ғимарат. Жаңа нысанның іске қосылуын театр ұжымы ғана емес, көрермен де асыға күтіп жүр.
Нұрсұлтан Тілеген, қала тұрғыны:Театр актерларының жұмыс жасауы, кәсіби деңгейі өте жоғары деңгейде. Алайда аудиторияның тарлығы оларға толық мүмкіндік бермей отырғанын біз, қоғам куәсі болып отырмыз. Енді осы құрылыс салынып, қоғам назарына ұсынса құба-құп болушы еді.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұралаған құрылыс жұмыстары тамыз айында қайта жалғасады. Ал жыл соңында нысан тапсырылуы тиіс.
Эльмира Кәленова