Еліміздің бірқатар өңірлерінде аптап ыстықтан дала өрті жиіледі. Әсіресе Қарағанды, Ақмола, Қостанай облысында тілсіз жаудан қауіп күшті. Қарағанды облысында өрттің кесірінен 200-ден астам мал шығын болса, Ақмола облысында бір адам қаза тапты. Өңілердегі ахуалды Руслан Нұрланұлы баяндасын.
Бұл Қарағанды облысындағы Жангелді ауылына қарасты Демеубай қыстағында болған жағдай. Шаруа қожалығына тиесілі 200 астам ұсақ мал мен 10 торпағы жанып кеткен. Ал адамдар жан сауғалап, әрең аман қалған.
Шіліңгір шілде Қарағанды өңірі үшін оңай болмай тұр. Айналдырған бір аптада Ұлытау, Қарқаралы, Ақтоғай Шет, Жаңаарқа аудандарында 24 дала өрті болған. Әсіресе Ұлытау ауданында жағдай ушығып тұр. Жангелді, Ақтас, Шеңбер, Амангелді ауылдарында әлі де өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда. Бұл елді мекендерде 5 шілдеден төтенше жағдай жарияланған болатын. Қазір ол ауылдарға қауіп жоқ. Дала өрті шарпыған Жангелді ауылы маңынан 4-ші шілде күні ер адамның мәйіті және оның УАЗ автокөлігі табылған.
Нұрлан Бекбосынов, ТЖД басшысының орынбасары:Ол адам өрт сөндіру жұмыстарына қатыспаған. Оның аты-жөні еріктілердің де тізімінде болмаған. Туыстарының айтуынша өрт болмай тұрып бір-екі күн бұрын хабарсыз кеткен. Қазір марқұмының нендей себептен қайтыс болғанын анықтау үшін сот-медициналық сараптамасы тағайындалған.
Ақмола облысында дала өртінде бір адам көз жұмды. Қайғылы оқиға Біржан Сал ауданының Белағаш ауылы маңында болған. Найзағай түсіп, қурап тұрған дала шөбі отқа оранған. Ауылға жақындап қалған қызыл жалынды тұрғындар өртті өз күштерімен тоқтатпақ болғанмен, қатты жел бой бермеген. Сол сәтте оттың ортасында қалып қойған тұрғын күйңк шалып қаза тапты.
Қостанай облысының Торғай өңірінде жай түсіп, 600 гектардан астам жер өртеніп кетті. Алдымен от Аманкелді ауданының аумағында тұтанған. Кейін Жанкелдин ауданындағы Алтын Дала резерватының аумағы жанған. Өртті сөндіруге қос ауданның төтенше жағдай қызметі, резерват мамандары және жергілікті тұрғындар жұмылдырылған. Арада тек алты күн өткенде ғана тілсіз жаудың беті қайтты. Алайда әлі толық сөнбеген. Сондықтан оттың қайта тұтануына жол бермеу үшін өрт шыққан жерлер бақылауда.
Руслан Нұрланұлы