Қарағанды облысында дала өртінен зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында дала өртінен зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр

07.07.2021

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында дала өртінен зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіліп жатыр. Жақын өңірлерден техника мен жанар-жағармай және азық-түлік жеткізілуде. Оқиға орнына барған облыс әкімі тұрғындар үшін ешқандай қауіп жоқ екенін айтты. Пионер, Байқоңыр және Шеңбер ауылдарына тілсіз жау едәуір жақын келгенімен, құтқарушылар апаттың бетін қайтарған. Байқоңыр ауылы маңында болған өрт осы төңіректегі Демеубай қыстағына жетіп, шаруа қожалығына тиесілі 200-ден астам ұсақ мал мен 10 бұзау шығын болды. 5 шілдеде төтенше жағдай жарияланған Амангелді, Жангелді, Ақтасты ауылдары қазір мамандардың бақылауында. Қауіпті деген өрт ошақтары әлі де бар. 

Мұрат Қатпанов, облыстық ТЖД басшысы:
Пионер, Байқоңыр ауылдарына тілсіз жау 10 шақырым жерге дейін жақындап келген жағдай болды. Бірақ кешенді шаралар нәтижесінде елді мекенге қауіп төнген жоқ. Жезқазған мен Сәтпаев қалаларынан қосымша техника алдырдық. Жағдай толық бақылауға алынды.

Ал, Ақмола облысында дала өртінен бір адам көз жұмды. Біржан Сал ауданының Белағаш ауылында найзағай түсіп, қураған шөп отқа оранған. Қызыл жалын ауылға жақындап, тұрғындар өртті өз күшімен тоқтатпақ болады. Алайда, жел бой бермей, тілсіз жау өрши түскен. Оттың ортасында қалып қойған тұрғын қаза тапты.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу