Әлем елдерінде вакцинация қалай жүріп жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем елдерінде вакцинация қалай жүріп жатыр?

04.07.2021

COVID-19 коронавирусы мен коронавирустық пневмония бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің бүгінгі ақпарына келсек, тестпен расталғандардың саны - 3073, бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. 31 адам қайтыс болған,578 адамның жағдайы ауыр, 118 адамның жағдайы өте ауыр. 72 адам өкпені желдететін аппаратқа қосылған. Вакциналауға келсек, екпенің екі дозасын да 2 174 221 адам салдырған.

Маусымның ортасынан бері вирус таралуы күшейіп кетті. Мұны атқарушы билік «үнді» штаммы таралуымен түсіндіреді. Бірінші Үндістанда тіркелген «дельта» штаммы вирустың бастапқы вариантына қарағанда да жұқпалы және оның өлім қаупі жоғары дейді мамандар.

Қазір «қызыл» аймақта Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстары бар.

Басындағыдай емес, ақпарат жеткілікті. Ғылымға негізделген. Жақсылап түсіндіріп беретін. Бірақ «вакцина егіп, сынақ жүргізіп жатыр» дегенге сенетіндер аз емес. Және басқа мағлұматты естігісі де келмейді. Сондықтан шығар, Англияда, АҚШ пен Израильде екпені тегін салатынын, ал вакцина алмай, кейін ауырса, онда ем-домға кететін шығынды өзі төлейтіні ескертілді.

Рас, агрессивті, қатал ереже - екпе алмағандарды «ұжымға қауіп төндіресіз» деп жұмысқа кіргізбейді.

Қазір АҚШ халқының 80 пайызына, Израиль – 90 пайызына вакцина салды. Бізде алдымен көлік, пәтер, жолдама ойнатып, сауда жасағанда жеңілдіктер беретін ынталандыру әдісі қолданылып басталған, қазір «қамшы» әдісі қосылды. Вакцина алмаса, жұмысқа кіргізбеу. Не апта сайын тест тапсыру.

Бір нәрсе – ауырғанына бірнеше ай ғана болған, антиденесі жеткіліктіден бірнеше есе көп, вакцина алу керек емес адамдарға байланысты бейнелеп айтқанда «шаш алса десе, бас алу» қағидасын қолданбау.

Меншікті тілшілеріміз өздері өмір сүріп жатқан мемлекеттерден мәлімет береді.

Индира Бегайдар, тілші:
Алғашқылардың қатарында вакцина шығарса да Ресейде қазір жағдай мүшкіл. Бір емес, төрт вакцина жасап, індетті жеңеміз, тіпті күзде қалыпты өмірге қайта ораламыз деген үміт болды. Бірақ халқы вакцина алуға құлшына қоймады. Алғашында қымбат сыйлықтар, көлік ойнату арқылы ынталандыруға тырысқан билік, қазір миллиондаған Ресей тұрғынын екпе салуға міндеттеді. Бірінші кезекте қызмет көрсету саласында істейтіндер. Егер вакцина алуға тиіс категорияға жататындар екпеден бас тартса, жұмысынан айырылады, сыйақыдан қағылады, жедел-жәрдем қызмет көрсетпейді, сабаққа кіре алмайды. Бәрінен де мигранттарға қиын. Өйткені олар ел салып жатқан «Спутник-V» вакцинасын емес, жуырда ғана зертханалық сынағы аяқталған «Спутник лайтты» ғана ектіре алады. Оның өзі ақылы.
Жұбанышбек Токобаев, мигрант:
Вакцина ектіруге күштеп міндеттеп жатыр. Басында ешкім қинамайды, өз қалауларыңмен болады деген. Одан да елге кетем дегендер көп. Әсіресе құрылыс саласында істейтіндер бас тартуда. Енді амалымыз жоқ, Қырғызстанға барамыз, сол жерде ептеп тірлік қыламыз.Бұл жерде бізбен ешкім санасып жатқан жоқ.

15 шілдеге дейін жұмыс берушілер қызметкерлерінің кем дегенде 60 пайызының екпе салдырғанын қадағалуы тиіс. Немесе айыппұл арқалайды. Ол 50 мың мен 300 мың рубльдің аралығында. Пандемия басталғалы Ресейде 5 млннан астам адам вирус жұқтырған. Соңғы аптада науқастардың 90 пайызанан қауіпті «Дельта» штамы анықталуда. Көрші елдегі вакциналар үнді штамына қарсы тұра ала ма, жоқ па, ешкім нақты айта алмайды. Сан түрлі жауап бар. Дегенмен вакцина салғанына жарты жыл болған, антиденелері азайып кеткендер енді екінші мәрте екпе салғызуы тиіс.

Нұрсұлу Қасым, тілші:
Еуропа елдерінде эпид ахуал тұрақталған соң, бірқатар шектеулер алынып, тұрғындарға көшеде маскасыз жүруге, біртіндеп қалыпты өмірге оралуға рұқсат етілген болатын. Алайда, Дельта штамының таралуы көпшілікті алаңдатып отыр. Вирустың мутацияға ұшыраған түрі Ұлыбританияда бір тәулікте 16 мың адамнан анықталған. Португалия астанасында Дельта ең көп тіркелгендіктен Лиссабонға өзге аймақтардан қатынауға шектеу қойылып жатыр. Осы елді және Ресейді Германия қызыл аймаққа енгізді. Енді Португалиядан оралған Германия азаматтары ПТР тестің нәтижесі теріс болса да, екі апта карантинде отыруы тиіс. Грекия да ресейлік туристерге талапты күшейтті. Бұған дейін екпенің екі дозасын алған Ресей азаматтары Эллада еліне еркін саяхаттап еді. Енді, вакцина алғандар да шекарадан өткенде ПТР тест тапсыруға міндетті. Финляндияда да індет күрт өршіген. Еуропа чемпионатын көруге барған 300-ден астам футбол жанкүйері ковид жұқтырып қайтқан. Еуроодақ басшылары Ресей, Португалия мен Ұлыбританиядан оралғандарға тезірек тест тапсырып, оқшаулануға шақыруда.
Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссияның төрағасы:
Аударма әйел. Дельтаның таралу жылдамдығы бізді алаңдатып отыр. Вирустың бұл түрінен вакцина жақсы қорғайды. Әсіресе, екпенің екі дозасын алғандарға кері әсері болмасы анық. Сондықтан екпе науқанын күшейтуіміз керек. Сақтық шараларын да естен шығармайық.

Соңғы статистикаға сүйенсек, бүгінге дейін Еуропалық Одақ елдеріндегі ересектердің 60 пайызы екпенің алғашқы дозасын, ал 40 пайызы толықтай вакцина алған. Екпе науқанын күшейту үшін қарт құрлық елдері халыққа ақшалай сыйақы тағайындап, мұражай, кинотеатрларға тегін билет таратып жатыр. Грекия үкіметі екпе салдыртқан 18 бен 25 жас аралығындағы жастарға 150 еуроға ваучер бермек. Ваучерды концертке, ұшаққа билет сатып алуға немесе қонақ үй жалдауға пайдалануға болады.

Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркия осы аптада карантиндік шектеулерді толық алып тастады. Барлық қоғамдық тамақтану орындары мен мемлекеттік мекемелер қалыпты жұмыс тәртібіне көшті. Қалааралық жолдар ашылып, еркін саяхаттауға мүмкіндік берілді. Қазір елде жаппай вакциналау қарқын алған. Бүгінге дейін 50 млннан аса адам екпе салдырып үлгерді. Қазір Түркияның 18 жастан асқан кез-келген азаматы өзі тіркелген емханаға барып вакцина ала алады. Халық негізінен қытайлық Синовак пен германиялық Бионтех екпесін салдыруда. Денсаулық сақтау министрлігі осы айдың аяғына дейін халықтың 70 пайызына вакцина салып, қоғамдық иммунитет қалыптастыруымыз қажет деп отыр.
Фахреттин Қожа, Түркияның денсаулық сақтау министрі:
Өздеріңізге белгілі коронавирус RNA типті вирус болғандықтан мутацияға жылдам ұшырайды. Біздегі вакциналар бұл мутацияларға қарсы белгілі бір деңгейде иммунитет қалыптастырады. Сондықтан мутант вирус жайылмай тұрып жаппай екпе салуды аяқтасақ қана пандемияны тоқта аламыз.

Өзге мемлекеттен келген әр адамның шекарадан кірерде вакцина паспорты немесе ПТР тесті болуы міндетті. Ондай анықтамалар болмаған жағдайда 14 күн карантинге жатқызылады. Дегенмен пандемияға қарамастан Түркияға биыл жыл басынан бері 4 млнға жуық турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есе артық. Денсаулық сақтау министрлігі егер елдегі эпидахуал ушығып кетсе кез-келген уақытта қайтадан карантиндік шектеулер енгізетінін де ескертті.

Индира Бегайдар, Нұрсұлу Қасым, Айдос Әшімұлы



Хабарламаларға жазылу