Маңғыстау мен Қызылордадағы қуаңшылық: Өңірлердегі ахуал күрделеніп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау мен Қызылордадағы қуаңшылық: Өңірлердегі ахуал күрделеніп барады

04.07.2021

Ауыл шаруашылығына, тиісінше, ауылда тұратын азаматтардың тіршілігіне байланысты тағы бір материал. Биылғы қуаңшылық. Өткенде де айттық – неге алдын ала қам жасалмады?

Қыста қар түспесе, көктемде тамшы тамбаса, малдың шөптен тарығатынын болжауға әулие болудың қажеті жоқ. Сөйтсек олай ойламайтындар бар екен: малдың аштан өлгені көрсетілген жантүршігерлік фото-видео тарап, қоғам сұрақ қойғанда – атқарушы билік биылғы қуаңшылықтың кесірінен деген жауап ғана берді. Олардың онсыз да белгілі фактіні баяндап қоюы ащы күлкі туғызады. Сонда сала мамандары «ылғал түспеді, қуаңшылық болады-ау» деп пайым жасамақ тұрмақ, метерологиялық қызметпен байланыспайтын болып тұр ғой. Ведомствоаралық байланыс нөл ме, деп қаласың.

Ал біздегі су тапшылығы, жалпы климаттық өзгерістерді ескерсек, мәселе тереңдей береді. Әділбек Серікұлының материалы.

Биыл елдегі тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға, экологиялық ахуал қосылып, бірқатар өңірді қуаңшылық қысты. Маңғыстау мен Қызылорда облысынан бөлек, құрғақшылықтың географиясына Жамбыл облысы да енді. Асып-тасып ағып жататын Шу өзені биыл мүлдем шөгіп, жайылым мен шабындықтарға су жетпеді. Көкорай шалғын жерлер қу тақырға айналған. Мойынқұмдық шаруалар осыған дейін шөпті ауыл маңынан орып алса, қазір 120 шақырым жердегі Құмөзектен тасып жатыр.

Шәймерден Исабеков, кәсіпкер:
Қиын болып жатыр. Шөп өте сирек. Шөп жоқ бірақ. Өте сирек. Осындай проблема болып тұр. Салярканың бағасы 200 теңгеден кем емес. Жұмысшылардың айлығын да беру керек. Олар да қазір 200 мыңнан төмен айлыққа ешкім жұмыс істемейді Барлығы келген кезде сол шөптің үстіне келіп қосамыз.

Бір ғана Мойынқұм аумағында биыл 10 мың гектар жерге көк шықпай қалды. Ал облыстың мал азығына деген қажеттілігі 1 миллион 712 мың тонна. Бірақ, бұл қорды жинап алу биыл оңайға соқпайын деп тұр. Себебі көктемде жауын-шашынның аз түсуінен Мойынқұммен қоса Сарысу, Талас аудандарында да жағдай қиын. Ондағы шаруаларға енді шөпті сырттан сатып алудан басқа амалы жоқ.

Шөлейтті белдеуде орналасқан Маңғыстау мен Қызылорда облыстарындағы ахуал тіптен күрделеніп барады. Шілденің шіліңгір ыстығында жерден жейтін қылтанақ таппаған мал жапан далада аштан қырылып жатыр. Қиын жағдайға тап болған малшылар болса қайдан көмек сұрарын білмей, шарасыз күйде отыр.

Рахымжан Көптілеуов, ауыл тұрғыны:
Ауылда шөп жоқ. Жер қуаңшылық, топырақ жеп жатыр жылқылар. 20 шақты пресс сатып алдық. Соны үйге әкеліп бағып отырмыз жылқымызды. Енді не істейміз, өлтіреміз бе далада. Өлтіргенімен Үкімет ақша бере ма бізге!

Жем-шөптен қысылған аймақтарға биліктен бұрын халық жанашырлық танытуда. «Төрт түлікті аштықтан аман сақтап қалу үшін баршамыз түгел жұмылайық!» деген ұранмен оңтүстік жұрты әлеуметтік желі арқылы елді шөп оруға шақырып, қуаңшылыққа ұшыраған өңірлерге қол ұшын созуға үндеу жариялады.

Онан бөлек бастамашыл топтың есепшотына көмек ретінде ақша аударып жатқандар да баршылық. Бүгінге дейін халықтың қолдауымен 500 мың теңгеден астам ақша жиналған.

Әділбек Серікұлы, тілші:
Байырғы заманда ата-бабаларымыз аттың үстінде жүріп-ақ, табиғаттың құбылысын болжап, жұттың алдын алып отырған. Биыл елімізде қуаңшылықтан егінге су жетпей, жайылымда көкке аузы тимеген төрт-түлік арам өліп жатыр. Ғылым мен технологияның дамыған заманында мына елге келген қуаңшылықта қамсыз қалғанымыздан, шаруалар әсіресе қатты зардап шегіп отыр.

Әзірге, екі аймақта да қалыптасқан ахуалға байланысты төтенше жағдай жарияланған жоқ. Яғни, мал ұстаған тұрғындар өз күштерімен тұяғын сақтап қалуға тырысып әлек. Экология тақырыбын тереңінен саралап жүрген белгілі журналист Айткүл Шалғынбаева мемлекеттен пәрменді қолдау болмаса, ата-кәсіп құрдымға кетеді деп отыр.

Айткүл Шалғынбаева, эколог-журналист:
Бұл қуаңшылықтың арты қазақша айтқанда жұт қой бұл. Құдай сақтасын, малдың өтім-жілімі көбейсе, малға жанын байлап отырған қазақ бірінші зардап шегеді. Әр аудан өз бетінше қарекет жасап жатыр. Бірақ, ол мәселені шешпейді. Үкіметтік деңгейде, билік бүкіл ресурстарын қосып, ғылымы бар, мамандары бар бүгіннен бастамаса, біз кеш қаламыз деп ойлаймын. 

Ал кезінде су шаруашылығы министрі болған мемлекет және қоғам қайраткері Нариман Қыпшақбаев «Қазақстан өзіне тиесілі су ресурстарына немқұрайлы қарап отыр» дейді. Елге келген қуаңшылық осы қамсыздықтың салдары екенін айтады.

Нариман Қыпшақбаев, мемлекет және қоғам қайраткері:
Мынадай қиындықта ойлау керек, болжау керек, қиындықтың алдын алу керек! Мемлекет болам десең, өзіңнің жеріңе, өзіңнің тиісті су үлесіңе Ертістен, Іледен, Сырдариядан, Еділден, Жайықтан толып жатыр өзен. Содан үлесіңді алып отыр. Мұнайың деген бітеді, алтының-күмісің бітеді. Жеріңе ие болсаң ел боласың. Осыны түсіндіре алмай қойдым еліме.

Үлкен Арал теңізінің тартылу кезеңін басынан-аяқ көрген жанның бірі Қызылордадағы күріш институтының ардагері Хасый Жамантіков. Арал қасіретін зерттеген қарт ғалымды Сырдарияның қазіргі жағдайы қатты алаңдатады. Өзеннен өз еншісін ала алмай отырған халықтың сусыз тіршілігі де тоқтайтыны ақиқат.

Хасый Жамантіков, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
Қызылорда халқына Аралдың апатының өзі жетіп жатыр. Екінші апатты қолдан жасамаңыздар. Екінші апат егер де Сырдарияның суын қысатын болсаңыздар екінші апат келеді. Оған халық шыдамайды. Енді міне, жаңа айтып отырсың, қуаңшылық келді мал қырылып жатыр. Мен оны көрдім ғой, қырылатынын білдім ғой, түйелер су таппай боздап жүргенін көрдім ғой.... Сондықтан, мына Аралды біз еш уақытта ұмытпауымыз керек!

Еріксіз көзіне жас алған ардагер сырбойындағы қуаңшылық пен экологиялық ахуалдың бұзылуын өзен, көлдердің бірте-бірте жойылуымен байланыстырады. «Судың да сұрауы бар» деген. Сарқылмайтындай болып көрінген Сырдарияны ендігі жерде үнемдеп пайдаланып, су саласына ғылыми тұрғыда көңіл бөлу керек деп есептейді.

Хасый Жамантіков, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
Израиль неге тамшылап суаруды ойлап тапты. Олар да су тапшы. Таза су жоқ. Оны атомның күшімен суды тазартып барып, халыққа береді. Қызылордаға қарайласу керек. Күрішті бірден құртуға болмайды. Біртіндеп 10-15 жыл шамасында, оған дейін жерді құнарландырып алсын. Себебі, күріштік жерді құнарландыру процесі тез жүреді. Ал су жетпей жатқан жерде жұрт аңырап қалады да, жерге қарай алмай қалады.

Жұт жеті ағайынды дейді. Әлемді әбігерге салған індеттің артынша қазақ елін қуаңшылық бүйірден қысты. Сынақ түскен өңірлерге бұл табиғи құбылыс деп баға ғана беріп, мемлекеттік деңгейде қарекет болмаса, ертеңгі күні елдің берекесі кетпесіне кім кепіл?

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу