Ақтөбе іргесіндегі Маржанбұлақ елді мекенінде тұрғындар апталап сусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе іргесіндегі Маржанбұлақ елді мекенінде тұрғындар апталап сусыз отыр

01.07.2021

Аптап ыстықта аңқасы кеуіп отырған ауыл! Ақтөбе іргесіндегі Маржанбұлақ елді мекенінің тұрғындары екі аптадан бері сусыз күнелтуге мәжбүр. Бау-бақшасы қурап кеткен. Іргедегі бұлақ қана халықтың жанын сақтап отыр. Жақсыбек Кемал тарқатсын.

Ауыл халқы осылайша шілденің шіліңгірінде қиналып қалды. Кейінгі жылдары су тапшылығына тап болған елдімекен жұрты бау-бақша де екпей қойған. Еккендерінің еңбегі еш кеткен. Соңғы күндері әкімдік тіршілік нәрін арнайы көлікпен тасымалдап беріп жатыр. Алайда, оның өзі баршаға бірдей жетпейді.

Қартқожақ Жанаев, ауыл тұрғыны: 
Су қиын боп тұр бізде. 40-42 градус ыстықта мүмкін емес. 

 Ауылдың екі бөлігіне ауыз су күн ара кезекпен беріліп жатыр. Алайда, тұрғындар оның өзі өте аз, дейді. Әрі ішуге жарамсыз.

Римма Бесжанова, ауыл тұрғыны: 
Қосқанның өзінде бірталай уақытқа дейін сары түсті болады. Ал, біз жақта тіпті жоқ. Өзіміздің күшімізбен боранда, қыста шелекпен бұлақтан алып келеміз.
 Жақсыбек Кемал, тілші: 
Маржанбұлақ аулындағы үш жарым мың халықтың күндері қазір мына жалғыз бұлаққа қарап тұр. Бұл жердің өзінде күні бойы ұзын-сонар кезек. Кей күндері тұрғындар мынадай бір-екі құты ғана су алып үлгеретіндерін айтады.

Аудан басшыларының айтуынша, ауыл маңында барлау жұмыстары жүріп жатыр. Одан кейін жобалық-сметалық құжаттары дайындалуы тиіс. Ал, қазіргі тапшылық тұрғындардың бау-бақшаға суды көптеп алуынан туындап отыр дейді.

Ауылда жаңадан салынған мыңға жуық үйге су құбыры жеткізілмеген. Тұрғындардың кейбірі ауласынан 700-800 мың теңгеге құдық қаздырып алып жатыр. Ал, оны қалтасы көтермейтіндер амалсыз әзірге суды құтылап тасуға мәжбүр.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу