Шығыс Қазақстанда 183 мың бала жазғы демалыс орындарында тынығады
Биыл Шығыс Қазақстанда 183 мың бала жазғы демалыс орындарында тынығады. Ол үшін өңірде 35 демалыс орны жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек оқушылар мектеп қасынан ашылған лагерьлер мен қосымша білім беру мекемелерінде де тынығып жатыр.
Бірде онлайн бірде офлайн форматта білім алу оңай болмады. Сондықтан оқушылардың биылғы жазғы демалысты асыға күткендері анық. Бұл балалар қазір табиғаты таңғажайып Таулы Үлбі деген жерде орналасқан «Дарын» базасында тынығып жатыр. Олар 10 күн бойы денсаулықты нығайтып қана қоймай, спорттық және интеллектуалдық жарыстарға қатысады.
Бекасыл Тасболатов, оқушы:Біз ең үздік отряд атағын жеңіп алдық. Өте жақсы әсер берді. Екіншіден, көп баламен таныстым.
Әлішер Мұхамадиев, оқушы:Ең ұнағаны, күн сайын түрлі мерекелік шаралар өтеді. Біз әртүрлі үйірмелерге барамыз. Хор, би, пародия дайындадық, соның бәрі маған өте қатты ұнады.
Балаларға арналған демалыс орындары Шығыс Қазақстандағы барлық ауданда бар. Қауіпсіздік шаралары мен санитарлық талаптарға ерекше мән берілген. Бұдан бөлек, балалалардың жазғы демалысы онлайн форматта да ұйымдастырылған.
Гауһар Рахымжанова, облыстық ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының директоры:Бұл үшін әлеуметтік желіде балаларға «Online-Каникул» деген аккаунт құрылған. Оған кез келген бала тіркеліп, әртүрлі үйірме, шығармашылық байқаулар және виртуалдық экскурсияларға қатыса алады. Онлайн форматта балалармен қосымша білім беретін мұғалімдер жұмыс істейді.
Қала сыртындағы демалыс орындарында жыл сайын мыңдаған бала тегін демалады. Әсіресе көп балалы, аз қамтылған отбасынан шыққан балғындарды мейлінше қамтуға басымдық берілген.
Берік Көшербай